Асайын Байханов павлодарлық кеншілерді кәсіби мерекесімен құттықтады
Өңір басшысы тау-кен саласының ардагерлеріне де алғыс білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов кеншілер мен тау-кен саласының ардагерлерін Кеншілер күнімен құттықтады.
Өңір басшысы Екібастұздың ел энергетикасындағы маңызына тоқталды.
– Екібастұз – Қазақстанның көмір энергетикасының жүрегі. Ұзақ жылдар бойы кеншілердің маңдай тері мен қажырлы еңбегі елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономиканың дамуына берік негіз болып келеді, – деді Асайын Байханов.
Сондай-ақ әкім кенші мамандығы үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететінін атап өтті.
– Кенші мамандығы – батылдықты, жауапкершілікті және өз ісіне адалдықты талап ететін абыройлы еңбек. Жер қойнауынан өндірілген әр тонна көмірдің артында талай жанның табанды еңбегі мен кәсіби шеберлігі тұр, – деді облыс әкімі.
Асайын Байханов тау-кен саласының ардагерлеріне ерекше алғыс білдірді.
– Сала ардагерлеріне айрықша алғыс айтамын. Сіздер Екібастұздың қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып, кейінгі ұрпаққа өнегелі жол қалдырдыңыздар, – деді өңір басшысы. – Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен береке, еңбектеріңізге қауіпсіздік пен толағай табыс тілеймін. Шаңырақтарыңыздан жылу мен қуаныш, жүректеріңізден сенім арылмасын! Мерекелеріңіз құтты болсын, қадірлі жерлестер!