Екібастұзда түнде алкоголь сатқан дүкен анықталды

Екібастұзда түнде алкоголь сатқан дүкен анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аталған дерек бойынша тексеру жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кеншілер шаһарында түнгі рейд барысында сағат 00:55 шамасында тәртіп сақшылары қаладағы дүкендердің бірінде алкоголь өнімдерінің сатылып жатқанын анықтады. Қазақстан заңнамасына сәйкес, алкогольді бөлшек саудада белгіленген уақыттан тыс уақытта сатуға тыйым салынған.

Қазір полиция қызметкерлері аталған дерек бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша сауда нысанының иелеріне қатысты заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.

Екібастұз қалалық полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Медет Бейсенов кәсіпкерлерді алкоголь өнімдерін сату кезінде заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

– Белгіленген уақыт шектеулерін бұзудың кез келген фактісі заңнамада көзделген әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, – деп атап өтті ол.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде алкогольге қарсы заңнама талаптарын бұзудың 53 фактісі анықталған. Оның ішінде алкоголь өнімдерін заңда белгіленбеген уақытта сатудың 23 дерегі тіркелген. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.