Белгілі екібастұздық әнші тікелей эфирде продюсерімен таныстырды

Белгілі екібастұздық әнші тікелей эфирде продюсерімен таныстырды

Argonya деген лақап атпен белгілі әнші әрі композитор Арғын Аусаров «Хабар» телеарнасындағы «Ұйқым келмейді» бағдарламасына қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Музыкант жүргізушілердің сауалдарына жауап беріп, хит болып айналған және жаңа әндерін орындады. Арғын Аусаров әндердің сөзін де, музыкасын өзі жазатынымен белгілі. Алайда мұны бизнеске айналдыратындай ойы жоқ.

- Қанша балалар хабарласады, ән сатшы деп – мен ән сатпаймын, - деп кесіп айтты ол. – Дуэттердің барлығы шын жүректен, әңгімеміз жарасып, бірге орындайық деп жасалған нәрсе. Бірақ мен сатпаймын. Өзім шығарған әндерді өзім орындаймын. Бір-екі ән сыйладым. Кейде бір әндерді түзетемін, көмектесемін.

Заманауи «Бақыт пен ақыл» әнін орындамас бұрын музыкант осы тақырыптағы ойларымен бөлісті. 

- Бақытты болу үшін сәл ақымақ болу керек, - дейді әнші. – Өйткені, ақылды адамдар көп нәрсені ойлап бақытты бола алмайды. Бақыт пен ақыл сорпа мен қант сияқты, су мен шаң сияқты.

«Ұйқым келмейді» бағдарламасының тағы бір қонағы музыканттың анасы әрі продюсері Сая Құдайбергенқызы болды. Ол Argonya-ның имиджімен кім айналысатынын айтты.

- Әрине, тек қана тапсырыстарына ғана емес, барлық жағына араласамын. Кейде ол маған «мама, тым қатты кеттің» деп айтады. Бірақ, менің айтқанымды орындайды, ойымен бөліседі. Айтып отырады.

Арғын Аусаровтың тойға қатысуы қанша тұрады деген сұраққа продюсер нақты белгіленген баға жоқ, әрбіреудің жағдайына байланысты келісеміз, деді.

Арғын Аусаров Екібастұзда туған. Қазір Астанада тұрады. «Бүйту керек еді», «Сені сүйем», «Қаламаймын ешкімді», «Жол», «Түн» әндерімен белгілі.