Аниме-косплей мен жайдарман: Павлодарлықтар Жастар күнін қалай атап өтті?
Жаңбырға қарамастан жүздеген адам концертке келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстанда жыл сайын 12 тамыз күні Жастар күні аталып өтіледі. Қолайсыз, жаңбырлы ауа райына қарамастан Павлодарда бұл мереке ерекше тойланды. Ертістің жағажайында арканың қасында арнайы автокөліктер көрмесі ұймдастырылды. Қала тұрғындары раритеттік және жаңа заманғы көліктердің қасында фотоға түсті. Бұл ретте «Ertis Promenade» сахнасында жас жайдарманшылар тұрғындардың жүректерін өздерінің әзілдерімен жылытуға тырысқан. Өңірлік Жайдарманның жартылай финалында Астанадан, Көкшетаудан, Алматы мен Теміртаудан келген командалар бақ сынасты.
– Бұл республикалық деңгейде өткізіліп жатқан шара. Жартылай финал негізі финалға қарағанда қиын өтеді. Бүгінгі ауа райына байланысты кейбір топтарға қиын болды, алайда бейімдей алған жастар да болды, – деп бөлісті өңірлік Ертіс жайдарман лигасының директоры Александр Собок.
Оның айтуынша, бас сахнада Жайдарман чемпионаты осымен үшінші рет өткізілуде. Пандемияға дейін әзілқойлар 2019 жылы және өткен жылы сахнада өнерлерін паш еткен еді.
– Аймақтық лиганың жартылай финалына жеті команда қатысты. Олардың бесеуі 26 қарашада финалда бақ сынасатын болады, содан кейін Сочи қаласында өтетін Халықаралық фестиваліне аттанады. Онда олар республикалық лиганың атынан қатысатын болады, – деп түсіндірді Александр Собок.
Жайдарманнан кейін сахнада ең ерекше және креативті жастарды марапаттаған. Қалалық аниме-косплей байқауында компьютерлік ойындар мен аниме жанкүйерлері өздерінің сүйікті кейіпкерлерінің бейнелерін сомдаған. Мысалы, танымал «Fife Nights At Freddys» және «Genshin Impact» ойындарының кейіпкерлерін сомдаған. Байқаудың ең үздік қатысушыларына пауэрбанктер сыйға тартты.
Концерт алдында сахнаны жергілікті талантты да, дарынды әртістер қыздырды. Олар павлодарлықтарға өздерінің авторлық әндерін шырқаған. Ал «Экшн» би академиясы бишілері сахнаны тура жарып жібергендей болды.
Кейіннен «Ertis Promenade» павлодарлық рэп орындаушысы AMAN шығып, өзінің әндерін айтты. Ал кештің хэдлайнері қазақстандық эстрада жұлдызы, әнші, актер, «SuperStar.KZ» жобаның финалисті - Ринат Малцагов болды. Ол жас павлодарлықтарды мерекесімен құттықтап, өздерінің танымал хиттерін шырқады.
– Мені Павлодарда ғана осылай жылы қарсы алады. Әрқайсыңызға өміріңіз жеңіл, қарапайым және ең бастысы жарқын, бақытты және ұмытылмас болсын деп тілеймін, – деді әртіс.
Әнші қала тұрғындарымен бірге өзінің әйгілі «Сенім» әнін орындады.
Мерекелік концерт қызу дискотекамен аяқталды.