Елімізде жыл басынан бері жетпіс жеті миллион тоннадан астам көмір тасымалданды

Елімізде жыл басынан бері жетпіс жеті миллион тоннадан астам көмір тасымалданды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 900 мың тоннаға көп, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тасымалданған көмірдің 24 миллион тоннасы экспортқа жөнелтілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 300 мың тоннаға артық. Ал ел ішінде 53 миллион тоннадан астам көмір тасымалданып, өсім 600 мың тоннаны құрады.

2026 жылғы 1 мамыр мен 30 қыркүйек аралығында республика бойынша 28 миллион тонна көмір тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей. Оның ішінде 25,8 миллион тоннасы жылу-электр орталықтарына (ЖЭО), ал 2,3 миллион тоннасы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге бағытталды.

ҚТЖ мәліметінше, елдегі жылу электр орталықтарындағы көмір қоры белгіленген нормативке сай немесе одан жоғары деңгейде. Мамыр-қыркүйек айларында өңірлердің коммуналдық-тұрмыстық көмірге деген жоспарлы қажеттілігі толық көлемде қамтамасыз етілді.

Биылғы бүкіл жылыту маусымында автокөлікпен жеткізілетін көлемді қоса алғанда, 7,3 миллион тонна коммуналдық-тұрмыстық көмір тасымалдау жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 154 мың тоннаға аз. ҚТЖ мұны өңірлерді газдандыру деңгейінің артуымен байланыстырады.

Көмір тасымалына жылжымалы құрам жеткілікті. Жүк жөнелтушілердің өтінімдері толық көлемде орындалып жатыр. Тасымал жұмыстарына «Қазтеміртранс» АҚ-ның 18,5 мыңға жуық вагоны тартылған. Жалпы, көмір тасымалдауға 27 мың жартылай вагон жұмылдырылған. Жүк тасымалына түсетін жүктеме ең жоғары кезеңдерде қосымша 3 мыңға дейін жартылай вагон резервке қойылады.

Жылыту маусымы басталғалы бері көмір тасымалын жедел бақылау мақсатында Энергетика министрлігінде коммуналдық-тұрмыстық көмірді тасымалдау жөніндегі республикалық штабтың отырыстары апта сайын өткізіліп келеді.

Сонымен қатар ҚТЖ-да көмір тасымалына жауапты жедел штаб жұмыс істейді. Оның құрамына орталық аппарат пен аумақтық бөлімшелердің 60-тан астам маманы кіреді. Штаб тәулік бойы көмір кеніштерінен еліміздің өңірлеріне отын тиеу және жеткізу барысын бақылап отырады.