Павлодар ауданында мал азығын дайындау науқаны басталды

Аудан әкімі Дидар Ибраев өңіріміздің ірі сүт өндірушілерінің бірі – «Киров» ЖШС-не барып, сүт фермасына қажетті жем-шөп дайындау барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кәсіпорынның атқарушы директоры Әсет Қайырбековтің айтуынша, тауарлы сүт фермасы үшін жем-шөп базасын қалыптастырумен қатар, коммерциялық мақсатта дақылдар егілді. Бұған мысал ретінде күнбағыс дақылдарының 1550 гектарға дейін өсуін келтіруге болады. Жерге күтім жасау, минералды тыңайтқыштар енгізу және арамшөптермен күресу механизмдері белсенді қолданылады.
– Алдағы уақытта суару жүйесін кеңейту, су қоймасын салу және егістік алқаптағы коммерциялық үлесті арттыру жоспарланған, – деді Әсет Қайырбеков.
Бұдан бөлек, еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесі де талқыланды. Атап айтқанда, кірістерді көлеңкеден шығару, салықтық база ашықтығын қамтамасыз ету және жұмыс берушілердің барлық әлеуметтік төлемдерді толық орындауы жөнінде облыс әкімі нақты тапсырма қойған.
– Кәсіпорында орташа жалақы 270 мың теңгеден асады. Еңбекақының кесімді жүйесі бойынша кейбір механизаторлар 800 мың теңгеге дейін табыс табады. Сонымен қатар, барлық міндетті төлемдермен қатар, кәсіпорын қызметкерлеріне кеңейтілген қосымша медициналық сақтандыру ұсынылған, – деді спикер.
Аудан әкімі бұл оң тәжірибе болашақта ауданның өзге де жұмыс берушілері арасында насихаттауға ниетті екендерін атап өтті.