Павлодар автокомбинаты автобус паркін толық жаңартты
Жеті жаңа Yutong автобусы №18 бағытқа, ал сегізі №27 бағытқа шығарылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкіміне «Павлодар автокомбинаты» ЖШС директоры Александр Панченко мәлім еткендей, автобустардың сыйымдылығы – 95 жолаушы, оның ішінде 36 орындық бар. Көліктер бейнебақылау жүйесімен, тәуелсіз жылыту құрылғысымен, кондиционермен жабдықталған. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жылжымалы пандус қарастырылған.
Кәсіпорын алдағы уақытта он жыл бұрын сатып алынған автобустарды жаңарту үшін тағы 10-15 автобус сатып алуды жоспарлап отыр.
Күн сайын транзакциялар бойынша 46 мың жолаушы тасымалдайтын «Павлодар автокомбинаты» жолаушылар ағыны бойынша №1 автобус паркінен кейін екінші орында тұр.
Облыс әкімі Асайын Байханов қоғамдық көлікті жаңарту жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.
– Негізгі қағида — автобустарды әр жеті жыл сайын жаңартып отыру. Қоғамдық көлік неғұрлым сапалы жұмыс істесе, жолаушылар саны да соғұрлым артады. 2021 жылы қоғамдық көлікті тұрақты пайдаланушылар саны шамамен 70 мың болса, қазір бұл көрсеткіш 120-130 мың жолаушыға жетті. Бүгінде қала бойынша жылжымалы құрамды 100 пайыз жаңартуға қол жеткіздік. Мұндай жағдай Павлодар тарихында бұрын-соңды болмаған, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, қоғамдық көлікте кезең-кезеңімен тегін Wi-Fi енгізу мәселесі қарастырылмақ. Бұл оның тартымдылығын арттырады. Бұдан бөлек, жолаушылар үшін түрлі акциялар өткізіп жүрген трамвай басқармасының тәжірибесін автобус тасымалдаушыларына үлгі ретінде алу ұсынылды.
Айта кетейік, Павлодар үшін ендігі маңызды міндеттердің бірі – трамвай паркін жаңарту және жаңғырту. Қазіргі таңда 65 вагонды ауыстыру қажет, оның 10-ын кәсіпорын жақын уақытта алады.