Ертіс ауданында ірі супермаркет ашылады

Сауда нысанының құрылысы салынып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Ертіс ауданындағы жұмыс сапарында «Қожанова» ЖК бөлшек сауда нысанының құрылысымен танысты.
Жеке кәсіпкер Құралай Қожанова супермаркет қыркүйек айында ашылады деп жоспарлап отырғанын жеткізді.
– Керекті құжаттар дайындалып жатыр, алдағы уақытта техникалық паспорт аламыз, – дейді жеке кәсіпкер.
Оның таныстыруынша, супермаркеттің ішкі құрылысы жасалып жатыр. Бәрі жоспар бойынша қойылады.
– Құрылыстың ауданы 1300 шаршы метрді құрайды, оң жақ қанатына азық-түлік, сол жақ қанатына тұрмысқа қажетті химиялық препараттар және тауарлар қойылады, – дейді ол.
Оның айтуынша, тауарларды жеткізетін компаниялармен келісім жасалған. Әрі азық-түлікті қоятын арнайы қойма дайын тұр.
Айта кетейік, инвестиция көлемі 300 миллион теңгені құрайды. 15 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Супермаркетке «Сары мол» атауы қойылған.