Павлодар облысында қант нарығындағы теңсіздік жойылды

Павлодар облысында қант нарығындағы теңсіздік жойылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Департамент үш заң бұзушылықтың алдын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде бәсекелестікті қорғау саласында қант нарығына қатысты заң бұзушылықтардың жолы кесілді.

Облыс бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің басшысы Әділет Мұрсаловтің айтуынша, қабылданған шаралардың мақсаты – монополисті жазалау емес, оның нарықтағы басым жағдайын пайдаланып, кейбір кәсіпкерлерге артықшылық беруіне жол бермеу.

– Біздің басты міндетіміз – нарықтағы барлық кәсіпкерлерге бірдей жағдай жасау және ешкімге негізсіз артықшылық берілмеуін қамтамасыз ету, – деді ол.

Биыл департамент бәсекелестік заңнамасы талаптарының бұзылу белгілеріне байланысты үш хабарлама шығарды.

Қантты көтерме саудада өткізу және қатты тұрмыстық қалдықтарды көму нарықтарына талдау жүргізілді. Зерттеу барысында үстем жағдайға ие субъектілердің әрекеттері зерделенді. Нәтижесінде олардың бірдей келісімдер бойынша контрагенттерге әртүрлі талаптар қойғаны анықталды.

Мәселен, бір контрагенттен тауар құнының 70 пайызы мөлшерінде алдын ала төлем талап етілген. Ал екіншісіне алдын ала төлемсіз жұмыс істеуге немесе тауар жеткізілгеннен кейін 10 күн ішінде есеп айырысуға мүмкіндік берілген. Яғни тауардың бағасы бірдей болғанымен, төлем мен жеткізу талаптары әртүрлі болған.

– Антимонополиялық заңнамаға сәйкес, үстем немесе монополиялық жағдайға ие субъектілерге тең мәнді келісімдер жасасқан контрагенттерге әртүрлі баға немесе өзге де жағдайлар белгілеуге тыйым салынады. Бұл үстем жағдайды теріс пайдалану болып саналады, – деді Әділет Мұрсалов.

Департамент басшысының сөзінше, мұндай айырмашылықтар жекелеген тұтынушыларға артықшылық беруі мүмкін. Сондай-ақ нарыққа жаңадан кірген субъектілер үшін тең емес жағдай қалыптастырады.

Сондықтан антимонополиялық орган барлық контрагенттерге бірдей талап қолдануды және негізсіз артықшылықтар беруден бас тартуды талап етті.

– Қант нарығын зерттеу кезінде дүкендердегі бөлшек баға емес, көтерме саудадағы келісімшарт талаптарының теңдігі қаралды. Сондықтан қабылданған шара қанттың бөлшек бағасына тікелей әсер етпейді. Тауарды өткізу тізбегінің әр кезеңінде кәсіпкерлер өздерінің баға саясатын жүргізеді. Дегенмен тең емес шарттар нарықтың жалпы тұрақтылығына жанама түрде әсер етуі мүмкін, – деді ол.

Қазіргі уақытта департамент шығарған үш хабарламаның барлығы толық орындалды. Соның нәтижесінде анықталған заң бұзушылық белгілері жойылды. Келісімшарттардың талаптары қолданыстағы заңнамаға сәйкестендірілді.

Антимонополиялық орган бұл бағытта «жұмсақ құқық» құралдарын да қолданады. Олардың қатарында хабарлама мен ескерту бар.

Егер қойылған талаптар орындалмаса, заңнамада белгіленген тәртіппен тергеп-тексеру басталады. Ал заң бұзушылық пен субъектінің кінәсі дәлелденсе, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес айыппұл салынуы мүмкін.

Қант нарығына жүргізілген зерттеу жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Мұндай талдаулар тиісті орган бекіткен жоспар негізінде жүргізіледі. Сонымен қатар, олар азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері бойынша да басталуы мүмкін.

Департаменттің қызметі тек бағаның өсуін бақылаумен шектелмейді. Негізсіз баға өсімі монополиялық жоғары баға белгіленген жағдайда және тиісті рәсімдер жүргізілгеннен кейін қаралады.

Қант нарығындағы бұл жағдайда негізгі мәселе бағаның қымбаттауы емес, контрагенттерге әртүрлі төлем және жеткізу талаптарының қолданылуы болды.