Павлодар облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 200-ге жуық шағын несие берілді
Несиелеудің негізгі бағыттары мал мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға негізделген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының мәлімдеуінше, биыл жыл басынан бері Қазақстанда партияның бастамасымен «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Жобаның негізгі мақсаты бизнесті дамыту үшін шағын несиелер бөлу арқылы ауыл халқының табысын арттыру және проблемаларын жедел шешу болып табылады.
- Жобаның бірегей ерекшелігі қолайлы жағдайлар болып табылады. Мұндағы микрокредиттеу мерзімі 5 жылды құрайды. Мал шаруашылығы саласындағы бастамалар үшін – 7 жыл, номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5% - дан аспайды, - делінген хабарламада.
Ауылдық кәсіпкерліктің идеяларын іске асыру үшін қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған тұрғындар, жұмыссыздар, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруді және өткізуді дербес жүзеге асыратын тұлғалармен өзге де санаттағылар ала алады.
«Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға биыл республикалық бюджеттен шамамен 52,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде Павлодар өңіріне 1,5 млрд теңге қарастырылған. 10 айдың қорытындысы бойынша барлық қаражат 100% игерілді.
Ертіс-Баян өңірінде алдын ала қорытындылар бойынша ауылдық жерлердің өкілдерінен 192 өтінімге микроқарыздар берілді. Оның ішінде 159 өтінім (82,8%) – мал сатып алуға, 18 (9,3%) – көлік сатып алуға, 7 өтінім (3,6%) жабдық сатып алуды көздейді. Өзге де қажеттіліктерге 8 өтінім (4,1%) берілді.