Жалғыз қалып қойды: Павлодарда құтқарушылар шығатын ТОП-3 жағдай
Үрей мен қорқу салдарынан «112»-ге хабарласқан тұрғындар артып барады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметі және авариялық құтқару жұмыстары жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шериязданов мәлім етті.
– Құтқарушыларды шақыратын негізгі үш себеп – балалардың, зейнеткерлердің үйде қамалып қалуы және жол-көлік апаттары, – деді спикер. – Ата-аналар үйде балаларын жалғыз тастап кету жағдайлары өте жиілеп кетті. Мысалы, бұрын бізді ата-әжеміздің үйіне апарып тастайтын, ал қазіргі кезде олар да жұмыс істейді.
Оның сөзінше, ата-ана үрейге бой алдырып, бірден «112» қызметіне хабарласып, шұғыл көмек көрсетуді сұрайды. Осындай жағдайда оларға алаңдамауға және дүрбелеңге салынбауға кеңес беріледі. Көршіден балға алып, есіктің ілмектерінен бір-екі рет соғу керек. Ұйықтап жатқан немесе құлаққаппен отырған бала тез есін жиып, есікті ашады.Жыл басынан бері осындай шақыртулар бойынша 300 жағдай тіркелген.
– Павлодарда 56 қызметкер авариялық-құтқару жұмыстарына шығады. Оның ішінде 40 құтқарушының сүңгуірлік жұмыстарға рұқсаты бар. Ал альпинизмдік жұмыстарға барлық құтқарушылар шыға алады ,– деп атап өтті Серік Шериязданов.
Бұдан бөлек жедел құтқару жасағының қызметкерлері дәрігерге дейінгі алғашқы және психологиялық көмек көрсетуге арнайы үйретілген. Сондықтан да олар жол-көлік апатында адамдар қысылып қалған жағдайларда көмек көрсетуге бейімделген.
– Мысықты ағаштан түсіріп алу деген сияқты хабарламалар да келіп түседі. Бірақ біз ондай шақыртуға бармаймыз. Құтқарушылар жасағы тек адам өміріне қауіп төнген жағдайда ғана шығады. Әлбетте, жалпы жануарларды өрттен құтқарамыз. Мысалы, судың астына батып бара жатқан елікті құтқарған кез болды. Оны сосын жылытып, еріктілердің қолына тапсырдық, – деді Серік Шериязданов.
Сонымен қатар таулы аймақта қалып, құлап қалған жағдайлар да болып тұрады. Биыл дәл осындай екі жағдай тіркелген. Күз бен көктем кезінде шопандар жоғалып кететін жайттар да тіркеледі. Ондай кезде іздеу жасақтары шығып, оларды табуға тырысады.