Павлодар облысында арқарлар мен ақбөкендерді аулау фактілері тіркелмеді
9-11 қараша аралығында қорғау заңнамасын сақтау және браконьерлікпен күрес бойынша іс-шаралар өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, рейдтің мақсаты – сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жабайы тұяқты жануарларды – арқарлар мен ақбөкендерді қорғауды күшейту.
– Мемлекеттік инспекторлар мен «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі Павлодар тірек пунктінің инспекторларынан құрылған бірлескен рейдтік топ Баянауыл және Май аудандарында табиғатты қорғау заңнамасын сақтау және браконьерлікпен күрес бойынша іс-шараларды өткізді, – деді инпекцияда.
Рейд нәтижелері бойынша браконьерлік және табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактілері анықталған жоқ.
Рейд барысында 15 мыңға жуық ақбөкен мен сегіз арқардан тұратын екі топ кездесті, жануарлардың жағдайы қанағаттанарлық.