Жыл қорытындысы: Биыл Павлодар облысы қандай көрсеткіштерге қол жеткізді?
Облыста барлық салалар мен бағыттар бойынша бірқатар жобалар іске асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін қорытындылады.
Кірісті арттыру, жұмыспен қамту және әлеуметтік сала
Павлодар облысында электр энергиясының 42,5%-ы және елдегі көмірдің 60%-ға жуығы өндіріледі. Тартылған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,2%-ға өсіп, 730 миллиард теңгені құрады.
Биыл 28,6 мың жаңа жұмыс орны құрылды, оның 21,1 мыңы жеке бастамалар аясында ашылды. Бұл шамамен 73%-ды құрайды.
Ұлттық жобалар аясында 195 жоба іске асырылды. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін жылдық 2,5% несие алған 168 кәсіпкер өз ісін ашты.
2023 жылы өңірде шағын және орта бизнесті, оның ішінде ауылдық жерлерде дамытуға басты назар аударылды. Енгізілген жобалардың қатарында Ақсу қаласындағы көкөніс сақтау қоймалары, Успен ауданындағы астық сақтау қоймалары мен астық кептіргіш, облыстың аудандарындағы суару жүйелері, құс фабрикасын кеңейту, Маралды көлін абаттандыру бар. Биылғы жылы облыста жалпы сыйымдылығы 65 мың тоннаны құрайтын алты көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды.
Ауыл шаруашылығы
Ауа райының қолайсыздығына байланысты диқандар үшін оңай жыл болған жоқ. Осыған орай, облыста шаруаларды қолдау жөніндегі кешенді шаралар қабылданды. Атап айтқанда, фермерлердің жем-шөп сатып алуға жұмсалатын шығындарын арзандату үшін жергілікті бюджеттен 3 миллиард теңге, инвестициялық шығындарды, тұқымдарды, пестицидтерді, минералды тыңайтқыштарды, асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша тұқымдық және селекциялық жұмыстарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 6,8 миллиард теңге бөлінді. Шөп шабу үшін арзандатылған дизель отынының көлемі 4-тен 10 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. «Павлодар» АШӨК жанынан малды байлап бағу кезінде халыққа сату үшін 5 мың тонна көлемінде жемдік астықты тұрақтандыру қоры құрылды. Облыстың 38 қожалығы құрғақшылыққа байланысты 1,3 миллиард теңге көлемінде сақтандыру төлемдерін алды.
Жалпы егістік алаңы 1,65 миллион гектарды құрады, бұл – өткен жылғыдан сәл артық.
Суармалы жерлер ауданы 15,8 мың га ұлғайып, 166 мың га жетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 200 шағын несие беріліп, 350 жаңа жұмыс орны құрылды, 3 мыңнан астам шаруа мемлекеттік қолдаумен қамтылды.
Білім беру және денсаулық сақтау салалары: 2023 жылдың негізгі оқиғалары
Биыл Железин, Баянауыл және Павлодар аудандарында үш мектеп салынды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі білім беру нысанының құрылысы басталды. Ал 54 мектеп толығымен жаңартылды. Ауылдардағы шағын жинақты мектептердің балаларына арнап 46 автобус сатып алынды.
Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалардың оқу жағдайын жақсарту үшін бес мектепке жаңа талаптарға сай құрал-жабдықтар сатып алынды.
Денсаулық сақтау саласында да жаңалықтар аз емес. Биыл 4,4 миллиард теңгеге 20 денсаулық сақтау объектісі күрделі жөндеуден өтіп, 400 бірлік медициналық құрал-жабдық сатып алынды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 30 медициналық объектінің құрылысы жүргізілуде.
Көлік және логистика, ТҮКШ
Көлік және логистика саласында елді мекендердегі автокөлік жолдары мен көшелерді қайта жаңғырту және жөндеу бойынша 141 жоба іске асырылды. Барлығы 692 километр жол жөнделді.
Құрылыс және ТҮКШ да жоғары қарқынмен дамуда. Облыстың үш қаласында 1,5 мыңнан астам пәтер салынып, 128 километрден артық жылу желісі тартылып, жөнделді.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 35 мың тұрғыны бар 26 ауылдың инфрақұрылымы жаңартылды.