Павлодар облысында АӘК тағайындауға құжаттар қабылдануда

@Pavlodarnews.kz тілшісі көмекті алу тәсілдерін сұрап білді.
Қазаннан бастап Павлодар облысында атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініштер мен құжаттарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
Облыс бойынша кедейлік шегінің мөлшері 2025 жылдың төртінші тоқсанына 40 039 теңге болып белгіленді. Бұл көрсеткіш өңірдегі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде негізгі есептеу шамасы ретінде қолданылады.
– АӘК алуға үміткер азаматтар немесе отбасылар өтінішті тұрғылықты жері бойынша бірнеше тәсілмен бере алады. Олар: мансаптық орталықтарға бұрынғы халықты жұмыспен қамту орталықтары, кент, ауыл немесе ауылдық округ әкімдеріне, немесе электрондық үкімет порталы арқылы егер азаматтың электронды цифрлық қолтаңбасы болса, өтінішті үйден шықпай-ақ онлайн тапсыруға мүмкіндік бар, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.
Өтініш берген кезде тек жеке куәлікті ұсыну жеткілікті. Қалған мәліметтер ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде алынады.
АӘК тағайындау кезінде азаматтардың табыс деңгейі, отбасы құрамы және басқа әлеуметтік көрсеткіштер ескеріліп, атаулы көмек мөлшері жеке есептеледі.
Атаулы әлеуметтік көмек – табысы кедейлік шегінен төмен аз қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін ай сайынғы ақшалай төлем.
Көмектің мақсаты – халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, аз қамтылған азаматтардың әлеуметтік осалдығын төмендету және балалар мен көпбалалы отбасыларға нақты қолдау көрсету.
АӘК шартты және шартсыз түрде берілуі мүмкін. Олар: шартсыз АӘК еңбекке жарамсыз немесе жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ отбасыларға төленеді және шартты АӘК еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамту шараларына қатысу шартымен тағайындалады.