Ақсу қаласының тұрғындары жаңа автобустармен қашан жүре бастайды?
Биыл қаланың қоғамдық көлігіне толық реформа жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақсуға Skywell NJL 6128 H маркалы үлкен класты алты автобус әкелінді. Олар қаңтардың ортасында бағыттарға шығады деп жоспарлануда.
– Қоғамдық көлікке баса назар аударамыз, себебі бұл барлық қала тұрғындарына маңызды, қолайлы және тиімді көліктің бірі. Электрондық билеттеуді енгізу және субсидиялаудағы өзгерістер қоғамдық көліктің жылжымалы құрамын 100 пайыз жаңартуға және оның қозғалысын жақсартуға мүмкіндік берді, – деді аймақ басшысы Асайын Байханов.
Қаланың ішінде жүретін маршруттарда толықтай 10 жаңа автобус жүретін болады. Ал бұрынғы қолданылып жүрген автобустар зауыттар және ГРЭС-қа жөнелтіледі.

Жалпы Ақсуда 12 қалалық маршрут бар. Жолдағы тасымалдаумен екі компания – «BUS-PVL» және «Национальная Торгово Распределительная Сеть PVL» ЖШС айналысады.

Еске сала кетейік, биыл қыркүйекте Асайын Байханов Ақсу қаласына барған жұмыс сапары кезінде қаладағы қоғамдық көліктерді жаңарту бағытындағы жұмыстармен танысты. Сол кезде 56 орынға арналған «SAZ LE60» маркалы төрт автобус келді.