Павлодар облысында кімдер әскери жиындардан босатылады?
Заңда азаматтарды әскери міндеттемелерден босататын 10 критерий жазылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы ҚР Заңының 36-бабы 2-тармағы негізінде әскери жиындарға шақырудан бірнеше жағдайда босатылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті жұмылдыруды жоспарлау бөлімінің бастығы Ерман Иманғалиев мәлім етті.
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында қорғанысты, қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарда жұмыс істейтін адамдар оқу жылы кезеңіне сәйкес келсе, күндізгі нысанда оқытатын білім беру ұйымдарының педагогтері мен оқитындар, әскери міндетті әйелдер, 18 жасқа дейінгі үш және одан да көп баласы бар адамдар босатылады, – деді Ерман Иманғалиев.
Сондай-ақ, мемлекеттік, азаматтық және экперименттік авиацияның авиациялық персоналы, егіс және егін жинау жұмыстары кезеңінде ауыл шаруашылығында және ауылшаруашылық техникасын жөндеу ұйымдарында жұмыс істейтін адамдар, азаматтарға қатысты сот қылмыстық іс қаралып жатқан, анықтау, алдын ала тергеу жүргізіліп жатқандар және ҚР Парламентінің немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттары сайланғандар да әскери жиындардан босатылады.
Сонымен қатар, Заңның 36-бабының 5 тармақшасына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтардан басқа, әскери қызметке шақырудан босатуға құқығы бар азаматтар Отан алдындағы борышын өтеуге ниет білдірсе, мүдделі адамдардан нотариат куәландырған тиісті құжаттарды және өтінішін ұсынған кезде әскери қызметке шақырылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, биыл Павлодар облысының 470 әскери міндетті азаматы әскери жиындарға шақырылады. Олар әскери міндеттемелерін Павлодар мен Семейде орындайды.