Павлодар облысының әуесқой волейболшылары ақтық кезеңге жол тартты

Павлодар облысының әуесқой волейболшылары ақтық кезеңге жол тартты
Фото: Pexels.com/Pavel Danilyuk

Облыс чемпионатының қорытындылары бойынша өңір құрамасы жасақталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында ерлер командалары арасында Әуесқойлар лигасының волейболдан облыстық чемпионаты жалғасуда. Биыл турнир бесінші рет өткізіліп отыр және жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Өткен жылдан бері жарыс волейбол спортының дамуына елеулі үлес қосқан Аманжол Әубәкіровті еске алуға арналады. «Құрмет» орденінің иегері және Павлодар облысының Құрметті азаматы кезінде Талғат Мамашевпен бірге «Pavlodar» волейбол клубының негізін қалаушылардың бірі болды.

Қазіргі таңда чемпионаттың топтық кезеңі аяқталды. Турнирге барлығы 20 команда қатысуда. Олар екі топқа бөлініп, әр топта он командадан сынға түсті. Жарысқа облыстың барлық қала-аудандарынан бөлек, БЖСМ №2, «Ұлан», ПМХЗ, ҰҚКД, ҚЭЗ командалары, сондай-ақ Жетекші ауылының волейболшылары қатысуда.

Топтық кезең қорытындысы бойынша финалдық кезеңге сегіз үздік команда жолдама алды. Әр топтан төрт командадан іріктеліп, енді шешуші ойындарда чемпион атағы сарапқа салынады. Жарыстың бас төрешісі, Павлодар облысының аға жаттықтырушысы және волейболдан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Талғат Қасымов турнир деңгейінің жыл сайын өсіп келе жатқанын атап өтті,

- Чемпионаттың деңгейі жыл сайын артып келеді. Әсіресе командалар құрамының жасарып келе жатқаны қуантады. Бұл – волейболға қызығушылықтың артқанының айқын дәлелі, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионатқа қатысқысы келетін командалардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. Осыған байланысты келесі жылдан бастап жарыс форматын өзгерту мәселесі қарастырылуы мүмкін.

Турнир қорытындысы бойынша Павлодар облысының құрамасы жасақталып, ол алдағы уақытта Түркістан қаласында өтуі жоспарланған Халық ойындарына қатысады. Бұл жарыс республикалық деңгейдегі спорттық спартакиада саналады.