Павлодарда орталық стадиондағы жасанды төсем толық ауыстырылуда
Жоба аясында алаң халықаралық FIFA Quality Pro стандартына сәйкестендірілмек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы өңір басшысы Асайын Байхановтың жұмыс сапары кезінде айтылды.
«AstanaSportStroy I K» ЖШС бас директоры Қанат Мұқашевтың айтуынша, жаңа жабын ФИФА талаптарына толық сәйкес келеді.

– ФИФА-ның талабы, саланың стандарты бойынша алаң дәл осындай болуы керек. Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін біз ФИФА тарапынан арнайы сертификаттау жүргізетін мамандарды шақырамыз. Олар стадионды толық тексерістен өткізеді, – деді ол.
Маманның сөзінше, арнайы сынақтар барысында доптың серпілуі, жабынның жұмсақтығы және өзге де техникалық көрсеткіштер тексеріледі. Барлық процедура шамамен бір күнге созылады. Тексеру қорытындысы бойынша стадионға FIFA Quality Pro сертификаты беріледі.
Өз кезегінде Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бұл жұмыстың басты мақсаты – спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

– Бұрынғы жабын әбден ескіріп кеткендіктен, травматизм көбейді. Футболшылар мен балалардың аяқтарына, тізелеріне және басқа да дене мүшелеріне зақым келу жағдайлары болды. Сондықтан төсемді толық ауыстыру туралы шешім қабылданды, – деді аймақ басшысы.
Қанат Мұқашевтың мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстары мамыр айының соңына дейін аяқталады. Одан кейін сертификаттау рәсімі басталады. Сертификат алынған соң ғана стадионда ресми ойындар өткізуге рұқсат беріледі. Ал жаңартылған алаңдағы алғашқы матч 10 маусымға жоспарланған.

Сонымен қатар өңірде жаңа стадион салу жобасы да қолға алынған. Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков қазіргі уақытта мердігер анықталып, жобалау жұмыстарының дайындық кезеңі басталғанын айтты.
– Жыл соңына дейін жобалау жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр, – деді қала әкімі.
Асайын Байхановтың айтуынша, жаңа стадион ескі ипподромның орнына салынады.
Сондай-ақ 20 маусымда жаңа ипподромның ашылуы жоспарланған. Ашылу аясында ұлттық және классикалық ат спорты бойынша жарыстар ұйымдастырылады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен атсүйер қауым келеді деп күтілуде.