Павлодарлық жекпе-жекшілер ұлттық фестивальден олжалы оралды
Осымен төрт жылда бір келетін ұлттық спорттан Қазақстан Респубшикасының VI фестивалі мәреге жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық Жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының президенті Данияр Жұмаділовтің айтуынша, бұл - ұлттық спорттың олимпиадасы іспеттес.
– Әр облыс осынау жарысқа кіл мықтыларын әкелді. Павлодар облысының атынан жекпе-жек додасына он көкжалды алып бардық. Әрқайсысы үмітті ақтап, сегіз бұрышта атой салды. Облыс құрамасы қос күміс жүлдені қанжығалады. Бұл ретте, Ризабек Жүнісов пен Диас Нұрланов биік тұғырдан көрінді. Онымен қоса, «Үздік нокаут» атағы да бізде. Жасы 18-ден енді асқан Диас Нұрланов төрт жекпе-жегінің үшеуін алғашқы секундтарда-ақ нокаутпен жеңді, – дейді Данияр Жұмаділов.
Павлодарлық федерацияның вице-президенті Нұрлан Әбетжанов үздік төрешілердің қатарынан табылды. Жігіттерді барын салып баптаған – бас жаттықтырушы Алтынбек Рщанов.
Айта кетерлігі, ұлттық спорт фестивалінің Жекпе-жек бағыты еліміздің әр аймағынан келген жүздеген спортшыларды жинады. Әуесқой жекпе-жекшілерден бөлек, еліміздің атақты «Alash pride», «Oktagon», «Naiza» сияқты кәсіпқой лиганың тәжірибелі жауынгерлері де көптеп қатысты.