Павлодар облысында ата-аналар альянсы құрылды
Оның құрамына сарапшылар да қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Катаев атындағы Оқушылар сарайында өткен бірінші облыстық ата-аналар форумына 400-ден астам адам жиналды.
Олардың қатарында қамқоршылық кеңестердің төрағалары, ата-аналар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері бар.
Облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова жиынға қатысушыларды құттықтай отырып, өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беру процесінде адамгершілік негіздері қаланатын отбасы үлкен рөл атқаратынын атап өтті.
— Мемлекет балаларды оқыту мен тәрбиелеу үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында сындарлы шаралар қабылдауда, — деп атап өтті Айзада Құрманова. — Облыста үш жыл ішінде 165 мектеп жөнделді, оның ішінде 135 ауылдық мектепке 20 миллиард теңге жұмсалды.
Бұл ғимараттардың көпшілігі 40 жыл немесе одан да көп уақыт бойы жөндеуді көрмеген. Облыс әкімінің орынбасарының айтуынша, өңірде мұндай мекемелер әлі де бар, сондықтан оларды алдағы үш жылда жаңғырту жоспарлануда. Тек оқу кабинеттеріне ғана емес, сонымен қатар кітапханалар мен асханаларға жөндеу жүргізіледі.
— Біз алғашқылардың бірі болып бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге көштік, ал Балалар жылы қалалық балаларды қоғамдық көлікте тегін жол жүрумен қамтамасыз ету туралы шешім қабылдадық. Бұл олардың қосымша білім алу қолжетімділігін арттырады, — деп еске салды аймақ басшысының орынбасары.
Өткен жылғы балалардың әл-ауқатының орташа республикалық индексінің қорытындысы бойынша Павлодар өңірі Ақтөбе облысынан кейін екінші орынға ие болды.
Айзада Құрманованың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қоғамның алдында әділ мемлекет құрудың жаһандық міндеттері тұрғанын атап өтті. Бұл үшін тек әлеуметтік-экономикалық реформалар жеткіліксіз. Бұл процесте ата-аналар қоғамына ерекше рөл беріледі.
Форумға қатысушылар ҚР Білім Министрлігі қабылдаған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» тәрбие тұжырымдамасы туралы да сөз қозғап, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі басымдықтардың бірі отбасы мен мектептің өзара іс-қимылын күшейту жөнінде айтылды.
Іс-шарада балаларға қатысты суицид пен зорлық-зомбылық, қорқыту, сондай-ақ жасөспірімдер мен ересектердің интернетке тәуелділік тақырыбы назардан тыс қалмады.
Павлодар қаласы №35 ЖОББМ өзін-өзі басқару органының төрағасы Данара Шоқаева мектептің қамқоршылық кеңесінің оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудағы рөлі туралы айта отырып, облыстық ата-аналар альянсын құруды ұсынды. Бұл ұсынысты форумға қатысушылар бірауыздан қолдады.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысының әкімі сарапшылар мен ата-аналар қауымының басын қосып, буллингтің алдын алу бойынша бірыңғай Жол картасын әзірлеуді тапсырған болатын. Сонымен қатар, ол аймақтық білім беру басқармасына ата-аналар альянсын құруды және Отбасы күніне алғашқы аймақтық форум өткізуді тапсырған болатын.