Павлодарлық студент мұғалімдердің қағазбастылығын жоятын жоба ойлап тапты
Платформа – мұғалімдердің барлық кәсіби құжаттарын бір жерге жинап, сақтауға мүмкіндік беретін онлайн сақтау жәшігі бола алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ислам Әлкиев – Марғұлан университетінің бірінші курс студенті. Жоба мұғалімдердің қағазбасты жұмысын азайтып, аттестация процесін толығымен онлайн форматқа көшіруді жоспарлайды. Бұл идеяның пайда болуын өзінің отбасындағы мұғалімдердің күнделікті еңбегімен байланыстырады.
– Мен ұстаздар отбасында өстім. Анамның аттестацияға дайындалу кезінде қаншама уақытын қағаз жинауға, құжат толтыруға жұмсайтынын көріп өстім. Сол себепті, мен мұғалімдер өмірін жеңілдететін жүйе құруды мақсат еттім, – дейді жоба авторы.
Жоба авторының айтуынша, «Smart ustaz» платформасы арқылы аттестациялық комиссия мүшелері мұғалімдердің құжаттарына қашықтан қол жеткізіп, олардың кәсіби деңгейін онлайн форматта бағалай алады. Платформада келесі функциялар қарастырылған: құжаттарды онлайн жүктеу және сақтау, автоматты тексеру және құрылымдау жүйесі, және деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және резервтік сақтау.
– Платформа сондай-ақ ұлттық деңгейде бірыңғай стандарт қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл жоба болашақта облыстық білім басқармаларына мұғалімдердің кәсіби дамуын тұрақты түрде бақылауға жағдай жасайды, – деді жас зерттеуші.
Қазіргі уақытта Ислам Әлкиев жоба бойынша минималды жұмыс үлгісін дайындап жатыр. Алғашқы кезеңде ол сайт нұсқасын өз күшімен жасап, кейіннен мамандарды – веб-дизайнерлер мен бағдарламашыларды – тартуды жоспарлап отыр.