Павлодар облысы полиция департаментінің жанынан тәлімгерлер кеңесі құрылды

Павлодар облысы полиция департаментінің жанынан тәлімгерлер кеңесі  құрылды
Фото: Полиция басқармасының баспасөз қызметі

Тәлімгерлер кеңесін құру бойынша кеңес өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға ведомство басқармаларының басшылары мен облыстық ардагерлер кеңесі төралығы мүшелері қатысты. 

– Бұл кеңестің негізгі мақсаты – ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби-адамгершілік, патриоттық тәрбиесін арттыру. Ардагерлердің тәлімгерлігі – жас ұрпақтың рухани қалыптасуының қозғаушы күші. Дәл осы қиын уақытта ұрпақтар сабақтастығын сақтау өте маңызды, – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Данияр Бек.

Кездесу қорытындысы бойынша тәлімгерлер кеңесі құрылып, оның құрамы бекітілді. Осыған ұқсас кеңестер барлық аумақтық бөлімшелерде құрылған.  

Бірауыздан дауыс беру арқылы полиция полковнигі Данияр Бек кеңес төрағасы, оның орынбасары  Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің  төрағасы Бақберді Абраев  сайланды. Кеңес мүшелері болып ішкі істер органдарының еңбек сіңірген зейнеткерлері Ерғанат Дүйсекенов, Баян Мағзұмова, Владимир Вязнюк, Қасен Истаев, Азат Сейлханов сайланды. 

Сондай-ақ, кеңес құрамына тергеу басқармасының басшысы Берік Оралов, жергілікті полиция қызметі басшысы Қуаныш Мұстафинов, криминалдық полиция бастығы Балғабай Қапаров және тәрбие және кадр жұмысы басқармасы басшысы Гүлзада Жетібаева кірді. 

Ведомство ардагерлердің тәжірибесі мен даналығы жас офицерлерге кәсіби дағдыларды қалыптастыруға және оларды патриоттық тәрбиелеуге көмектесетініне сенімді.