Павлодарлық ардагер Усолка шағын ауданында мектеп салуды сұрады
Оның ойынша, бұл білім ордасының жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қ. Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің тұрғындармен кездесуі өтті. Шаһар басшысына қойылған сұрақтардың бірі білім саласына қатысты болды. Ұстаз және спорт ардагері Усолка шағын ауданында М.Әуезов атындағы жалпы орта білім беру мектебінде оқушылар үш ауысымда оқитынын айтты.
– Бұл мектепте тоғыз бірінші сынып бар. Жүктемені түсіру үшін жаңа мектеп салу керек, – деді тұрғын.
Қала әкімі аталмыш мәселе өз шешімін табатынын жеткізді.
– Зағиптар қоғамы орналасқан жерін сатып алдық. Қазіргі уақытта жер учаскесінде кәріз жүйесі мен электрмен жабдықтау жүйелері өтеді. Біз оларды учаскеден шығарып, жерді дайындап, сосын облыс әкімінің қолдауымен 2025 жылда сметалық жобаны дайындау жұмыстарын бастаймыз, – деді Хасар Хабылбеков.
Айта кетейік, жаңа білім беру мекемесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына енді.