Премьер-лига командасы қарсыласын Павлодарда қабылдайды

Премьер-лига командасы қарсыласын Павлодарда қабылдайды

Петропавлдың «Қызылжары» футболдан Қазақстан Премьер-лигасының екінші туры аясында «Мақтааралды» Орталық стадионда қабылдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Солтүстіктіктер өз матчын Павлодарда ойнайтынының себебі – Петропавлдағы «Қарасай» стадионы күрделі жөнделуде. Жобаға 1,4 млрд теңге бөлінді. Алайда «Қызылжар» Павлодарда көп тұрақтамайды. Футболдан облыстық федерация бас хатшысы Сейітбек Сембаевтың айтуынша, келісімге сәйкес, «Қызылжар» Павлодарда бір-ақ матч өткізеді.

Бірінші кездесуде қызылжарлықтар сырт алаңда «Қайсарды» тізе бүктірді. Қыста команда жақсы ойыншылармен толықты. Клубқа сонау Бразилия, Бельгия мен Хорватиядан ойыншылар келіп қосылды. Олардың бірі – Рафаэль Сабино гол соғып, командасына жеңіс әперіп үлгерді. 

Қарсыласы – «Мақтаарал» ҚПЛ-дың алғашқы кездесуінде көкшелік «Оқжетпеске» 0:1 есебімен ұтылды. Түркістан облысының командасы да қыста біраз тер төкті. Атакент кентінің ұжымы өз сапына кезінде «Астанада» жасындай жарқылдаған Жуниор Кабананганы шақыртты. Алайда ол соңғы үш жылда бес клуб ауыстырып, солар үшін небары төрт-ақ гол соққанын да қаперден шығармау керек. Жалпы былтыр «Мақтаарал» өзін оңай беріспейтін, допқа жақсы иелік ете алатын команда ретінде көрсетті.

Осының бәрін ескергенде ертеңгі ойын тартысты өтеді деген болжам бар. Матч 10 наурызда сағат 18:00-де басталады. Кіру тегін.

Айта кетейік, бүгін Орталық стадионда «Ақсу» «Қайратты» қабылдайды. Ойынның басталуы сағат 18:00-де.

Фото: ашық дереккөздерден