Павлодар әуежайы орнитолог маманын іздейді
Болашақ қызметкердің негізгі міндеті – құстардың мінез-құлқын зерттеу, олардың қоныс аударуын бақылау және әуе кемелерімен соқтығысу қаупін азайту, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар әуежайының мамандары құстардың қай кезде және қай бағыттан ұшып келетінін біледі. Олардың арасында жыл құстары, маусымдық қоныс аударатын құстар және қалада тұрақты мекендейтін көгершіндер, қарғалар, сауысқандар мен шағалалар бар.
Әуежай директоры Марат Хасеновтің айтуынша, жергілікті құстар айтарлықтай қауіп төндірмейді. Себебі әуежай аумағында олар үшін қоректік база жоқтың қасы. Дегенмен, құстардың ұшақтармен соқтығысу қаупін толығымен жоққа шығару мүмкін емес. Сондықтан мекемеге жеке маман қажет.
2010 жылдан бастап Қазақстанда әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы жаңа талаптар енгізіле бастады. Соның бірі – авиациялық орнитолог лауазымын енгізу.
– Бұл мәселеге Алматы мен Астана сияқты әуе рейстерінің қарқындылығы жоғары ірі әуежайларда ерекше назар аударыла бастады. Мәселен, Алматыда тәулігіне 180-нен астам рейс орындалуы мүмкін. Әуе кемелері ұшып көтерілгенде немесе қонуға жақындағанда құстардың қозғалтқыштарға түсіп кету жағдайлары жиілеген. Мұндай оқиғалардың барлығы талданып, тиісті қорытынды жасалады, – деді Марат Хасенов.
Орнитолог құстардың әуе кемелерімен соқтығысу жағдайлары қай кезеңде және қандай жағдайда жиі болатынын зерттейді. Бұл – алдын алу шаралары арқылы бақылауға және азайтуға болатын авиациялық тәуекелдердің бірі.
Қазір құстарды үркітумен аэродром қызметі айналысады. Ол үшін арнайы құрылғылар қолданылады.
– Аэродром қызметі құстардың әуежай аумағына қоныстанып, ұя салмауын қадағалайды. Бізде құстарды үркітетін газ зеңбіректері бар. Олар қатты зеңбірек атылғандай дыбыс шығарады. Бұл құрылғылар қоршаған ортаға да, құстардың өзіне де зиян келтірмейді. Тек үркітеміз, – деп түсіндірді әуежай директоры.
Бұл лауазымға үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары бар. Жоғары немесе биологиялық бағыттағы орта арнаулы білімі болуы қажет. Мысалы, биология пәнінің мұғалімі, зоолог немесе құстар питомнигінде жұмыс істеген маман үміткер бола алады.
– Алдағы уақытта қызметкерді авиациялық орнитолог мамандығы бойынша оқытып, біліктілігін арттыруды жоспарлап отырмыз. Оны оқу орталығына жібереміз. Бұл – азаматтық авиация саласының талабы. Ол әуежайда жұмыс істеп, ұшу қауіпсіздігі мәселелерімен айналысады. Оның міндеті – құстардың ұшақ қозғалтқыштарына ғана емес, мысалы, алдыңғы әйнегіне де соғылу қаупін барынша азайту, – деді Марат Хасенов.
Құстармен соқтығысудың салдары қаншалықты ауыр болуы мүмкін екенін АҚШ-та болған оқиға көрсетті. 2009 жылғы 15 қаңтарда US Airways әуе компаниясының Airbus A320 ұшағы Нью-Йорктегі Ла-Гуардия әуежайынан көтерілгеннен кейін көп ұзамай канадалық қаздар тобына соғылған. Салдарынан екі қозғалтқышы да істен шығып, экипаж Гудзон өзеніне шұғыл қонуға мәжбүр болды. Ұшақ бортындағы жолаушылар мен экипаж мүшелерінің барлығы аман қалған.
Марат Хасенов Павлодарға келгенге дейін Алматы, Түркістан және Көкшетау қалаларын қоса алғанда, төрт әуежайда жұмыс істеген. Оның айтуынша, орнитологтың негізгі міндеттерінің бірі – әуежайдың өзіндегі жағдайды ғана емес, оған іргелес аумақты да бақылау. Өйткені құстарды ең алдымен қолжетімді қорек көздері тартады.
– Құс та кез келген тіршілік иесі сияқты өзіне қорек іздейді. Егер стихиялық қоқыс орындары мен тамақ қалдықтары жиналатын басқа да аумақтардың санын азайтсақ, бұл тәуекелдерді төмендетуге көмектеседі. Орнитолог аэродром қызметінің құрамында болады. Біз Павлодар қаласы мен Кенжекөл ауылдық округінің әкімдіктерімен өзара жұмыс істеп жатырмыз. Қоқысты дұрыс басқару мәдениеті барлық жерде бірдей жоғары деңгейде емес екені түсінікті. Кейде адамдар қоқысты жинап, тиісті орынға апармай, кез келген жерге төгіп кетеді. Бұл мәселе туғызады. Орнитолог әуежайдың периметрі бойынша тұрақты түрде айналып, аумақты тексеріп отырады. Он шақырымға дейінгі радиустағы жерлерді үнемі бақылау қажет. Мысалы, бұл аумақта мал қорымы немесе құстарды тартатын басқа да нысан пайда болуы мүмкін. Маман учаскелік инспекторлармен де бірлесіп жұмыс істейді, – деді Марат Хасенов.
Авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес, әуежайдан 16 шақырымдық радиуста қоқыс полигондары мен стихиялық қоқыс орындарының болуына жол берілмейді.
Сонымен қатар әуежай маңындағы нысандар мен шаруашылық қызметіне қатысты да талаптар бар. Мәселен, ғимараттар мен құрылыстардың биіктігі әуе кемелерінің ұшуына кедергі келтірмеуі керек. Құстарға қорек болатын аумақтардың пайда болуын да бақылау маңызды. Бұған оларды тартуы мүмкін дәнді дақылдарды егу, мал сою цехтары мен басқа да осындай нысандардың жұмысы жатады. Мұндай кәсіпорындар орналасу орны мен жабық үлгідегі ғимараттарды ұйымдастыруды қоса алғанда, белгіленген талаптарға сай болуы тиіс.
