Павлодарлық футболшылар күтпеген жерден бәсекелестеріне есе жіберді

«Ертіс» бірінші болып гол соққанына қарамастан жеңіліп қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс» құрамын жаңарту жалғасуда. Кешегі матчта павлодарлық ойыншылардың әуелгі тізіміне бес жаңа есім енгізілді. Арман Кеңесов, Әбинұр Нұрымбет, Темірлан Төребек, Асқар Сатышевтар қатарына Нұрғайни Бөрібаев пен Владислав Васильев қосылды. Командаға жаңадан келген алтыншы ойыншы екінші таймда шықты.
Матчты алаң иелері белсенді бастады, Тамерлан Ағыманов тоғызыншы минутта есеп ашты. «Ертіс» жақсы үйлесім тауып, таблодағы айырманы арттыруға толық мүмкіндік алды. Алаңдағы ойын павлодарлықтар «Алтайды» еш қиындықсыз жеңетін сияқты көрінді, бірақ бәрі керісінше болды.
Тайм ортасына таман «Ертіс» ойыншылары қарқынын бәсеңдетіп, бастаманы қарсыластарына берді. Бұл саналы шешім сияқты көрінді, бірақ өскемендік шабуылдары барған сайын қауіпті бола бастады. Әсіресе, «Алтайдың» оныншы нөмірлі ойыншысы Әділет Омарбек ерекше талпынды. Денелі шабуылшы павлодарлық қорғаушыларды топ-тобымен алдап өтіп жүрді. Салдарынан ақыры пенальти белгіленіп, оны Ибрагим Дадаев кәдеге жаратты.
Жағдайды түзету үшін «Ертістің» бір тайм уақыты бар еді. Өкінішке орай, павлодарлықтар мардымды ештеңе жасай алмады. Қонақтар барлық аймақтарды жауып, өз алаң жартысына шебер шегінді. Айта кетерлігі, «Ертіс» бапкерлер штабының ойыншы ауыстырулары да біршама түсініксіз болып көрінді: екінші таймда алаңға шыққан бес ойыншының үшеуі қорғаушы болды.
61-минутта баяғы Әділет Омарбек қорғаныстан сытылып кетіп, допты әріптесіне берді. Доп жолай Артем Поповқа жанасып, одан қақпаға ұшты – 1:2. Екі минуттан кейін «Алтай» ойыншысы Аслан Жанұзақов Тамерлан Ағимановқа дөрекі ойнағаны үшін екінші сары қағаз алып алаңнан қуылды, бірақ бұл ойынға ешқандай әсер еткен жоқ.
«Ертіс» шабуылда нашар ойнады, бәсекелес қорғанысын бұза алмады. Нәтижесінде 1:2 - павлодарлықтар жеңілді. Қазақстан футболының элитасына қайта оралуға ұмтылған клуб тікелей бәсекелестерін әлі жеңе алған жоқ.
«Ертіс» келесі ойынын 18 шілдеде «Ақтөбе Ж» командасына қарсы өткізеді. Матч Павлодарда өтеді.