«Ертіс» өз алаңына оралып, «Қайсарды» қабылдайды

«Ертіс» өз алаңына оралып, «Қайсарды» қабылдайды
Фото: «Ертіс» ФК

Қазақстан Премьер-лигасының 15-туры чемпионаттың бірінші айналымын қорытындылайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Турдың ең маңызды кездесулерінің бірі Павлодарда өтеді. «Ертіс» өз алаңында қызылордалық «Қайсарды» қабылдайды.

Бұл матч павлодарлық жанкүйерлер үшін ерекше мәнге ие. Команда ұзақ үзілістен кейін қайтадан Павлодардағы Орталық стадионда ойнайды. Бұған дейін алаңдағы жөндеу жұмыстарына байланысты «Ертіс» өз алаңындағы кездесулерін Астанада өткізуге мәжбүр болған еді. Команданың туған стадионға оралуына орай ұйымдастырушылар жанкүйерлер үшін ауқымды мәдени-ойын-сауық бағдарламасын әзірледі.

Дегенмен, кездесудің басты маңызы турнирлік жағдайға байланысты. Екі команда да Премьер-лигада қалу үшін күресіп жатыр. «Қайсар» 14 ұпаймен 12-орында тұрса, «Ертіс» 10 ұпаймен 14-сатыда орналасқан.

Соңғы бес турда қызылордалық клуб сегіз ұпай жинап, жақсы қарқын көрсетіп келеді. Ал «Ертіс» клуб басшылығы мен бапкерлер штабы ауысқаннан кейін алғашқы жеңісіне әлі қол жеткізе алған жоқ. Павлодарлықтар соңғы бес матчта төрт рет тең түсіп, бір рет жеңілді. Команданың биылғы маусымдағы жалғыз жеңісі сәуір айының басында өз алаңында «Алтайға» қарсы өткен кездесуде тіркелген.

Сонымен қатар, «Ертіс» құрамын күшейтуді жалғастыруда. Командаға Африкадан тағы екі легионер қосылды. Қорғаушы Опе мен шабуылшы Иепе павлодарлық клубтың жаңа ойыншылары атанды.

«Ертіс» пен «Қайсар» арасындағы кездесу 28 маусым күні өтеді. Матч 17:00-де басталады.