Президент Абай Құнанбайұлының мерейтойына арналған іс-шара қатысушыларын құттықтады

Президент Абай Құнанбайұлының мерейтойына арналған іс-шара қатысушыларын құттықтады
Фото: kazislam.kz

Биыл еліміз ақынның 180 жылдығын тойлап жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Абайдың қазақ халқының рухани дүниесін жаңғыртудағы рөлін ерекше атап өтті. 

– Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Абайдың өсиеттері мен ой-толғамдарының өзектілігі ешқашан жоғалмайтынын айтып, оның шығармашылығын терең зерделеудің маңыздылығына назар аударды.

– Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық. Ұлы Абайдың аманатына адал болайық! – деп түйіндеді Мемлекет басшысы өз құттықтауын.

Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Семей өңірі – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мұхтар Әуезовті дүниеге әкелген қасиетті мекен. Мемлекет бұл аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде дамытуға ерекше көңіл бөледі.