Баянауылда «Таза Қазақстан» ауқымды тазалық акциясы өткізілді

Баянауылда  «Таза Қазақстан»  ауқымды тазалық акциясы өткізілді
Фото: Ұйымдастырушылардан

Тұрғындар ботаникалық бақты тазалап, экологиялық мәдениетті насихаттады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Эко сенбілік: Ботаникалық баққа қамқорлық» шарасы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары, жастар ресурстық орталығының өкілдері, аудан әкімдігі және еріктілердің бірлесуімен ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты - қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастарды табиғатты аялауға баулу. 

Баянауыл аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ілдин Ренат акцияның маңызын атап өтті.

- Бұл бастаманың басты мақсаты - қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастарды табиғатты аялауға тәрбиелеу. Баянауыл жастарының «Сұлу да көркем табиғатымызды бірге сақтайық!»  деген ұраны бар. Біз осы арқылы тек тазалық жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, туристерді де табиғатты құрметтеуге шақырамыз, - деді ол.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылған сенбілік қоршаған ортаны тазартумен қатар, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Алдағы уақытта «Таза бұлақ - таза тарих», «Stop вандализм», «Таза жағажай» сынды бірқатар акцияларды өткізу жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылар сенбіліктердің тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.