Успен ауданында мектепке қазандық сатып алу кезінде заң бұзылған

Успен ауданында мектепке қазандық сатып алу кезінде заң бұзылған

Бұл ретте мемлекеттік сатып алу туралы заңнама сақталмағаны белгілі болды, деп хабарлайды  Рavlodarnews.kz.

Павлодар облысы прокуратурасының мәліметінше, талдау нәтижелері бойынша Успен ауданының мектептері үшін жылыту қазандықтарын сатып алу фактілері анықталды. 

– Бюджет қаражатын жұмсау және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде заңдылық талаптарды сақтау мемлекеттік қызметшілердің бірінші кезектегі міндеттемесі болып табылады. Аудандық бөлімдердің бірі жылыту қазандықтарын жалпы сомасы 19 миллион теңгеге бір көзден сатып алған, – деп жазылған хабарламада. 

Алайда аталған әдіспен сатып алуға заңмен тыйым салынған. Заң талаптарын бұзу бәсекелестік ортада кәсіпкерлердің қызметті жүзеге асыру құқықтарының шектелуіне әкелген.  Осыған ұқсас бұзушылықтар мемлекеттік аппараттың басқа мекемелерінде де анықталған.

Басқа жағдайда аудандық бөлім басшыларының бірі аяқталмаған жөндеу үшін орындалған жұмыстар актісіне қол қойған.

Прокурорлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін негіздер бойынша лауазымды тұлға мемлекеттік қызметтен босатылды. Сондай-ақ 2,1 млн теңге сомасында айыппұл салынып мемлекет пайдасына өндірілді.