Павлодар өңіріндегі барлық автокөлік жолдарына бақылау бекеті қойылды

Павлодар өңіріндегі барлық автокөлік жолдарына бақылау бекеті қойылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Ауа райының нашарлауына байланысты ТЖД жоғары дайындық тәртібінде жұмыс істеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

- Қазіргі уақытта республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарында 24 бақылау бекеті қойылды. Оларға полиция, төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмылдырылды. ТЖД-дан бекеттерге 16 қызметкер мен 12 техника жеткізілді, - делінген хабарламада.

Өңірдегі халыққа көмек көрсету үшін жалпы сыйымдылығы 20 мыңнан асатын 188 жылыту пункті дайындалды. Оның ішінде 4302 төсек-орын бар. Пункттер қажет болған жағдайда адамдарды қабылдауға дайын.

Естеріңізге сала кетейік, 10 наурызда Павлодар облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты яғни боран мен желдің екпіні 23-28 м/с дейін, кей жерлерде 30 м/с және одан да көп болуына байланысты республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарға шектеулер енгізілді. Автокөліктің барлық түрлері үшін барлық бағыттар бойынша қозғалыс уақытша жабылды.

Синоптиктердің айтуынша, аймақта дауыл туралы ескертулер болып жатыр. 10 наурызда қар, боран және қатты жел күтіледі. Түнде ауа температурасы 7-12 градусқа дейін, облыстың батысы мен солтүстігінде 15-20 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

11 наурызда температураның одан әрі төмендеуі болжанады — түнде 25-30 градус аязға дейін. Сондай-ақ, қар, кей жерлерде қалың қар, тұман және желдің жылдамдығы 23-28 м/с дейін күшейеді деп күтілуде.

Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындарын дауылды ескертулерді қадағалауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Қажет болған жағдайда 101 немесе 112 нөмірлеріне қоңырау шалыңыз.