Павлодарлық өнерпаздар арасындағы доданың екінші кезеңі басталады
«Өнер додасы» жобасының екінші кезеңіне 8 аудан мен қаланың өнерлілері жолдама алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының мәлімдеуінше, ауқымды дода орталықтың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған. Байқаудың бірінші кезеңі 17 қазан күні басталған болатын.
Өнерлілер додасының екінші кезеңіне жолдама алғандар қатарында Ертіс, Тереңкөл, Успен, Баянауыл, Аққулы, Павлодар аудандары мен Майқайың кенті және Екібастұз қаласы бар.
- «Өнер додасы» жобасының екінші кезеңі ертең яғни 31 қазан күні басталады. Онда бірінші болып Успен ауданы мен Ертіс ауданының өнерпаздары сағат 13:00-де бақ сынасады. Осы күні сағат 15:00-де Аққулы мен тереңкөлдіктер де сахнада өз өнерлерін ортаға салады, - делінген хабарламада.
Ал 1 қараша күні сағат 13:00-де Павлодар ауданы мен Баянауыл ауданының өнерпаздары сайысады. Ал осы күні сағат 15:00-де Майқайың кенті мен Екібастұз қаласы бақ сынайды. Өнер додасы «Шаңырақ» ХШО өтеді.