Қазақстанда алғашқы алкилат өндіру зауыты Павлодарда салынады
Ауқымды жобаны «INTERTRANS C. A.» ЖШС жүзеге асырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазақстан даму банкі» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар облысында өндірістік қуаты жылына 97,6 мың тонна алкилат өндіретін алғашқы зауыттың құрылысы басталды.
Алкилат өндірісі отын саласын экологияландыру жолындағы маңызды қадам болмақ. Алкилат – бензиннің жоғары октанды компоненті, ол бензиннің қасиеттерін едәуір жақсартуға және атмосфераға көмірқышқыл газы мен улы заттардың шығарылуын азайтуға мүмкіндік береді. Жоба – Қазақстандағы жаңа технологиялық кәсіпорын ғана емес, сонымен қатар мұнай өңдеу тереңдігін арттыру барысындағы тиімді шешімдердің бірі.
– Бүгінгі таңда біздің елімізде алкилат өндірісі жоқ, ал жобаны іске асыру К-5 (Еуро-5) ең қатаң экологиялық стандарттарына сай келетін жоғары сапалы отын өндіру жолындағы маңызды қадам және Қазақстан мен таяу шет елдердің нарығын автомобиль және авиациялық бензиндердің экологиялық таза жоғары октанды компонентімен қамтамасыз етеді, – деді ЖШС бас директоры Мұрат Құдиярбек.
Зауыт құрылысы кезеңінде 500-ден астам жұмыс орны, ал негізгі өндірісті пайдалану кезеңінде 125 тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл өңір тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп, өңірдің инфрақұрылымын жақсартуға ықпал етеді.
Жобаның жалпы құны 35 млрд теңгені құрайды. Жобаны іске асыру мақсатында «Қазақстанның даму банкі» АҚ мен «INTERTRANS C. A.» ЖШС арасында биыл 20 желтоқсанда кредиттік желі ашу туралы келісім жасалды.
Алкилатты октанды арттыратын компонент ретінде пайдалануға көшу Қазақстанға отын сапасын арттыруға және қоршаған ортаға зиянды әсерді айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Бұл экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі міндеттерге ғана емес, сонымен бірге тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі оңтайлы шешім. Өз кезегінде ҚДБ «таза технологияларды» енгізуге және зиянды шығарындыларды азайтуға бағытталған бастамаларды қолдайды, оларды өз қызметі шеңберінде стратегиялық басымдық ретінде қарастырады.
Бүгінгі таңда Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары N-метиланилин және метил-трет-бутил эфирі (МТБЭ) сияқты октанды арттыратын компоненттерді пайдаланады. Дегенмен, олардың қолданылуында бірқатар шектеу бар. Атап айтқанда, N-метиланилин улы, азот оксидтерінің шығарылуына ықпал етеді, отынның коррозиясын арттырады және қозғалтқыштардың тозуын тездетеді. МТБЭ октан санын көбейтеді, бірақ оның оттегі бар қасиеттері жану кезінде улы заттардың пайда болуына ықпал етеді.
Алкилат — негізгі артықшылықтары бар заманауи және экологиялық таза шешім: экологиялық тұрғыдан таза: көмірқышқыл газының, азот оксидтерінің және канцерогендердің шығарындыларын азайтады. Сондай-ақ отынның сапасын қамтамасыз етеді, біркелкі жануын азайтады және қызмет ету мерзімін ұзартады, тотығуға төзімді. Бұл бензинді сақтау мерзімін ұзартады.