Келесі жылы Ақтоғай – Шолақсор жолының шұңқырлары тегістелмек
Облыстық маңызы бар жолдың орташа жөндеуі жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аймақ басшысы Асайын Байханов Ақтоғай ауданына барған іс-сапары барысында облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа жүзеге асып жатқан жобаларды қарап, аудан әкімімен талқылады. Жалпы 333,6 миллион теңгеге саябақ аймағын абаттандыру, елді мекендердегі көшелердің жарықтандыру, ауылдардағы кентішілік жолдардың орташа жөндеу жұмыстары орындалады. Бұл туралы аудан әкімі Қаршыға Арынов Асайын Байхановқа баяндап берді.
– Қаражаттың басым бөлігі Ақтоғай ауылына бөлінді. Облыстық бюджет есебінен 214 миллион теңгеге барлық көшелерге асфальт төселеді, – деді Қаршыға Арынов.
Аудан орталығы, Приреченск, Қожамжар, Жолболды ауылдарында тіректер орнатылды. Енді көшелер одан әрі жарық болады. Асайын Байханов аудандағы жобалармен айналысып жатқан мердігерлердің көптігін байқап, ескерту жасады.
– Тереңкөл, Железин, Май, Шарбақты, Успен аудандарында мердігерлермен жұмыс бірқалыпты жүріп жатыр. Басқа аудандар бойынша мердігерлік ұйымдар жан-жақтан жиналып, келуде. Бұл сұрақпен айналысу керек. Жұмыс сапасы бәсеңдеп кетсе, оларды жауапкершілікке тарту қажет, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Ал Ақтоғай – Шолақсор облыстық маңызы бар автожолының орташа жөнделуі жетінші шақырымы, ең соңынан басталды.
– Асфальтбетон жабыны бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тағы 30 шақырымы қалып отыр. Ол бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп болғаннан кейін келесі жылы жолды толығымен аяқтаймыз, – деді аудан әкімі Қаршыға Арынов.
Айта кетсек, Ақтоғай – Шолақсор екі жылдық жоба. Былтыр тоғыз шақырымы жөнделген болатын, биылғы жоспарланған 15 шақырымнан алты шақырымы қалпына келтірілді. Қалған тоғыз шақырым шілде айына дейін жөнделеді.
Бұған дейін Асайын Байханов Шолақсор ауылында жолды су шайып кетпеуі үшін көпір салу керектігін айтқан болатын. Бүгінде жобалаушымен шарт жасасу туралы келіссөздер жүргізілуде.