Ақсуда жылу желілеріндегі жөндеу 15 қыркүйекке дейін аяқталады
Облыс әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласының жылу беру маусымына дайындығын тексерді, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
– 15 қыркүйекке дейін жылу желілеріндегі барлық жөндеу жұмыстары аяқталады. Көпқабатты 264 тұрғын үйдің 230-ы дайын. Дайындықты 15 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырдым. Өткен жылдардағыдай осы қыста да Ақсуды «АФЗ» АҚ қазандығы жылумен қамтамасыз ететін болады. Қазіргі уақытта ондағы алты қазандықтың төртеуі жөндеуден өткен, бұл жылу беру маусымынан өту үшін жеткілікті. Тағы екі қазандықты жөндеу қазан айында аяқталады, – деп жазды Асайын Байханов Іnstagram парақшасында.
Аймақ басшысы 2019 жылы жаңадан салынған қазандық әлі іске қосылмағанын еске салып өтті.
– Нысан пайдалануға берілмеді, өйткені мердігер ұйым мемлекеттік сараптамадан өткен жобада көзделмеген қосымша ұсақтау жабдығын орнатқан, – деді облыс әкімі.
Еске сала кетейік, облыс әкімі бұл мәселенің екі шешімін ұсынған болатын: ұсақтау жабдығын алып тастап, қазандықты іске қосу немесе орнатылған жабдықты заңдастыру арқылы жобаны түзету. Мердігер екінші жолын таңдап, мемлекеттік сараптамаға жібере отырып, жобаға түзету енгізуде. Оның нәтижелері қазан айының соңына дейін шығады. Оң қорытынды болған жағдайда жаңа қазандықта іске қосу-баптау жұмыстары басталады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram