Қазақстандық әуе компанияларының иелігінде 99 ұшақ бар
Атап айтсақ, «Air Astana» және «SCAT» авиакомпаниялары Airbus және Boeing зауыттарынан су жаңа ұшақтарды жеткізуді жоспарлап отыр.
ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген жауабында 2025 жылдың соңына дейін «Air Astana» Airbus А320/321 маркалы 15 ұшақты және Boeing 787 маркалы 2 ұшақты сатып алатынын айтты. Ал «SCAT» Boeing 737 маркалы 8 ұшақты жеткізуді көздеп отыр.
Белгілі болғандай, былтыр 12 жаңа ұшақ қатарға қосылған. «Air Astana» 8 ұшақ сатып алса, «SCAT» 4 ұшақпен шектелген. Ал «Air Astana» 1, «SCAT» 4 ұшақты есептен шығарған.
«Қазір қазақстандық авиакомпаниялардың иелегінде 99 ұшақ бар. Атап айтсақ, «SCAT» - 37, «Air Astana» – 50, «Qazaq Air» – 5, «Южное небо» – 5 және «Жетісу» әуе компаниясына 2 ұшақ тиесілі. Көбіне Airbus A320-321 (42) және Boeing 737 (33) маркалы ұшақтардың үлесі басым», - деді Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.
Техникалық қызмет көрсету бағдарламасына сәйкес, бір ұшақ (Airbus A320 және Boeing 737) қалыпты жағдайда шамамен 120,000 - 150,000 ұшу сағаттарыне дейін қызмет көрсете алатынын атап өткен жөн.