Ақсуда телефон алаяқтарының курьері құрықталды

Ақсуда телефон алаяқтарының курьері құрықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жәбірленушінің 980 мың теңге көлеміндегі қаражаты толық қайтарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, Ақсу қаласының 66 жастағы тұрғынына өздерін «Қазақтелеком» және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз адамдар қоңырау шалған. Олар әйелдің атына несие рәсімделгенін айтып, банк шоттарындағы операцияларды тоқтату үшін үйінде сақталған барлық ақшаны курьерге беру қажет екеніне сендірген.

Алаяқтардың сөзіне сенген әйел үйіндегі қолма-қол ақшасын жинап, оны келген бейтаныс ер адамға табыстаған.

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 65 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Одан 980 мың теңге тәркіленіп, ақша толық көлемде заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тексеру жүргізіліп жатыр, – деді департаментте. 

Жәбірленуші полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, олардың жедел әрекетінің арқасында үлкен қаржылық шығыннан аман қалғанын айтты.

Тәртіп сақшылары тұрғындарды қырағы болуға шақырады. Егер бейтаныс адамдар өзін мемлекеттік орган немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды немесе курьерге беруді талап етсе, әңгімені бірден тоқтатып, ақпаратты тексеру қажет. Алаяқтық белгілері байқалған жағдайда дереу полицияға хабарласқан жөн.