Адам папилломасы: Үкімет вирусқа қарсы вакцина сатып алмақ
Аталмыш вакцинаға 10 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Үкімет адам папилломасы вирусына қарсы вакцина сатып алуға және Қазақстанда аталған екпе жұмысын жүргізуге резервтен қаражат бөлді. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойды.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың бюджеттеріне 351 мыңнан астам дозасы мөлшерінде вакцина сатып алу үшін ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде 9,7 миллиард теңгеден астам қаражат аударылады.
Адам папилломасы вирусынан туындаған жатыр мойны обыры – әлемдегі ең көп таралған қатерлі ісіктердің бірі, ол анықталған барлық жағдайдың құрылымында 13,1 пайызға дейін кездеседі. Салдарынан жыл сайын 300 мыңға жуық әйел көз жұмады. Қазақстанда ЖМО барлық жастағы әйелдер арасында қатерлі ісіктің басқа түрлері ішінде таралуы бойынша екінші орында тұр. Жыл сайын республика бойынша 1900-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі, 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады.
Ауруға қарсы және ЖМО дамуымен күресудің жалғыз әдісі – вакцинация. Дертке қарсы екпе салу 11 жастағы қыздарға 6 ай аралық мерзіммен екі рет жүргізілетін болады. Бұл ретте Қазақстанда аурудың неғұрлым онкогенді түрлерінен қорғайтын төрт валентті вакцина қолданылады.