Павлодар облысында тіл шебері анықталды
Байқауға аудандар мен қалалардан 15 үміткер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен үш тілді жетік меңгерген жастар арасында облыстық «Тіл шебері» байқауы өткізілді. Аталмыш іс-шара қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды анықтау, қолдау көрсету, тіл мәдениетін көтеру, үштілділікті насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Қатысушылар байқаудың талаптарына сәйкес «Елтаным» кезеңінде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, қазақтың жері және оның аймақтары туралы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде баяндаса, «Сөзтаным» кезеңінде қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді оқып, орыс және ағылшын тілдерінде мағынасын ашты. Ал үшінші «Ойтаным» кезеңінде берілген тақырып бойынша қазақ тілінде эссе жазу тапсырмаларын орындау арқылы сынға түсті.
Аталған іс-шараға облысымыздың қала, аудандарынан іріктелген 18-35 жас аралығындағы үш тілді жетік меңгерген жастар қатысты.
Байқау нәтижесі бойынша I жүлделі орын Успен ауданының үміткері Бейбіт Сансызбайға бұйырса, II орынды Железин ауданының үміткері Аружан Бауыржанқызы иеленді, ал III орынға Май ауданының үміткері Жанболат Қайдар лайықты деп танылды.