Тоқаев жалпыға бірдей декларациялаудың соңғы кезеңін қайта қарауды ұсынды
Алғашқы үш кезең сәтті аяқталса да, төртінші, соңғы кезеңнің қажеттілігіне қатысты сұрақтар туындап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөз сөйлеп, барлық салаларда ашықтықты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
– Біз Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасап жатырмыз. Барлық саладағы жұмыстың ашық болуына көңіл бөліп отырмыз. Осы орайда азаматтарымыздың табысын жаппай декларациялаудың мән-маңызы зор. Бұл талап 2021 жылдан бері біртіндеп енгізіліп жатыр. Алғашқы үш кезеңде 4 миллионнан астам адам декларация тапсырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектордағы басшылар, кәсіпкерлер және осы санатқа кіретін азаматтардың жұбайлары бар, – деді ел басшысы.
Алайда, Президент декларациялау жүйесін толық қайта қарастыруды көздемейтінін атап өтті. Мәселе тек 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілуі тиіс төртінші кезеңнің мақсатқа сай екендігіне қатысты болып отыр.
– Келесі жылы тағы 8 миллионға жуық адам декларация тапсырады деп жоспарланып отыр. Алайда бір мәселені ескеру қажет. Жаппай декларация тапсыру тұжырымдамасы осыдан 14 жыл бұрын қабылданған. Содан бері елімізде цифрландыру ісі және финтех саласы қарқынды дамып келе жатыр. Түрлі мемлекеттік мекемелерге ортақ мәліметтер базасы пайда болды. Қаржы және салық бақылауы күшейді. Демек осындай ауқымды өзгерістерден кейін төртінші, яғни, соңғы кезеңде азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы қажет, – деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің мәлімдемесіне сәйкес, декларацияны әсіресе мемлекеттік қызметшілердің және мемлекеттік бюджетке қатысы бар тұлғалардың тапсыруы маңызды болып қала береді. Төртінші кезеңге кірмейтін азаматтарға декларация тапсыруды міндеттеу орынсыз болуы мүмкін, себебі олардың қаржылық жағдайы мемлекет тарапынан толық бақылана алады.