Асайын Байханов шығарындыларды төмендетуді тапсырды
Облыс әкімі кезекті есебін экология мәселелеріне арнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысының мәлімдеуінше, облыс шығарындыларының жыл сайынғы көлемі шамамен 700 мың тоннаны құрайды, бұл республика бойынша эмиссия көлемінің үштен бірін алады.
– Біз елімізде жалпы көмірдің 60%, электр энергиясының 40%, алюминийдің 100%, ферроқорытпалардың 75% және мұнай өнімдерінің 33%-ын өндіреміз. Әрине, индустрияландыру деңгейі экологиялық жағдайға тікелей әсер етеді, – делінген есепте.
Өнеркәсіптің өсу серпінін сақтай отырып, шығарындыларды кезең-кезеңмен төмендету өңірдің дамуының негізі болып табылады.
– Заманауи экологиялық технологияларды енгізу арқылы ғана, біз шығарындыларды азайта аламыз, – деді облыс әкімі.
Соңғы екі жылда шығарындылар көлемін 16 мың тоннаға немесе 2,3 пайызға қысқартуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, Асайын Байханов ERG тобындағы төрт ірі кәсіпорын бойынша кешенді экологиялық шешімдер қабылдап, заманауи гибридті сүзгілерді орнатуды міндеттеді. Бұл шығарындыларды тағы 50 мың тоннаға немесе 7 пайызға төмендететін болады.
Экологиялық мониторингті күшейту үшін заманауи өлшеу жабдықтары мен арнайы мобильді зертхана сатып алынды.
Аймақтың экологиялық мәселесіне себепкер тағы бір сала – коммуналдық қалдықтар.
– Біз өткен жылы облыстың барлық үш қаласы үшін коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі шаралар жоспарын әзірледік. Бұл ретте, қалалық полигондарды жаңғырту және жаңа қоқыстарды сұрыптау кешенін салу көзделген, – делінген хабарламада.
Келесі мәселе – рұқсат етілмеген полигондар.
– «Тазартылған жер емес, қоқыс тастамайтын жер таза болады» демекші, қоршаған ортаны қорғауда барынша атсалысу керекпіз. Тек, ортақ күш-жігермен ғана, біз өңірімізді жайлы әрі таза ете аламыз, – деп толықтырды аймақ басшысы.
Өткен жылы аудандар мен қалалардың әкімдіктері 167 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтады, олардың 149-ы немесе 96% пайызы жойылды.