Аққулыда туристік дауға нүкте қойылды

Турпакетсіз қалғандар сотта әділдікке жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы аудандық сотында туристік компанияға қатысты ақша өндіру ісі медиация арқылы шешілді. Талап қоюшылар сапар ұйымдастыруға арналған келісімді қашықтан жасап, жолақысын толық төлегенімен, туристік пакет пен билеттерді ала алмай қалған.
Іс материалдарына сүйенсек, тараптар арасындағы келіссөздер «WhatsApp» мессенджері арқылы жүргізілген. Сапардың барлық ұйымдастырылуын талап қоюшылардың бірі өз мойнына алған. Алайда туристік компания өз міндеттемелерін орындамаған — жолдамалар мен құжаттар берілмеген.
Осыған байланысты азаматтар сотқа жүгінуге мәжбүр болды. Іс Аққулы аудандық сотында қаралып, судья татуластыру рәсімін өткізді. Нәтижесінде тараптар медиация тәртібімен бітімге келді. Туристік компания өкілдері талапты толық мойындап, келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді. Өз кезегінде талап қоюшылар арыздарынан бас тартты.
Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.