Баянауылдық оқушылар павлодарлық балалар мен қарттарды қуантты

Баянауылдық оқушылар павлодарлық балалар мен қарттарды қуантты
Фото: ұйымдастырушылардан

Олар «Жақсылық жасап жарысайық!» атты қайырымдылық шарасын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл ауданы Ш.Шөкин атындағы жалпы орта білім беру мектебінің ұйымдастыруымен болған іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында мейірімділік, жанашырлық, жауапкершілік және адамгершілік сынды асыл қасиеттерді қалыптастыру.

Шара барысында мектеп оқушылары мен ұстаздары Павлодар қаласындағы балалар және қарттар үйіне арнайы барып, жүрекке жылу сыйлар мерекелік концерт ұйымдастырды. Әсем ән мен күмбірлеген күй, әсерлі би көрермендердің көңілінен шығып, ерекше ықыласқа бөледі. Сонымен қатар, тәрбиеленушілер мен қарттарға арнайы дайындалған сыйлықтар табысталып, оларға рухани қолдау көрсетілді.

Мектеп басшысы Шынар Мұрсалованың айтуынша, мұндай қайырымдылық шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

– Біздің басты мақсатымыз – тек білімді емес, жүрегі мейірімге толы, қоғамға пайдасын тигізе алатын адал азамат тәрбиелеу. Осындай игі істер арқылы балалардың бойында жанашырлық пен жауапкершілік қалыптасады. Алдағы уақытта мұңдай қайырымдылық акцияларды өткізуді дәстүрге айналдыру жоспарда бар, – деді ол.

«Жақсылық жасап жарысайық!» деген игі идеяны мектеп тәлімгері Назыгүл Бейсенбина осыдан біраз уақыт бұрын ұсынған екен.  

– Бұл сапар біздің оқушыларымыздың бойындағы жанашырлық пен ізгіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Шәкірттерімнің қарттардың батасын алып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған әрбір сәті мен үшін үлкен мақтаныш. Баланың жүрегіне мейірім дәнін егу – біздің басты міндетіміз. Балаларымыз тек өнер көрсетіп қана қоймай, үлкен тәрбие мектебінен өтті, – дейді тәлімгер. 

Ол мектеп басшылығына осы бастаманы қолдап, ұйымдастыру жұмыстарына жан-жақты жағдай жасағаны үшін, сондай-ақ, игі істен шет қалмай, демеушілік көрсеткен, барлық атсалысқан ата-аналар мен ұстаздарға, жеке кәсіпкерлерге ерекше ризашылығын білдірді.