БҚО-да шаруалар киікке байланысты төтенше жағдай енгізуді сұрап отыр

БҚО-да шаруалар киікке байланысты төтенше жағдай енгізуді сұрап отыр
Фото: https://qazaly.kz/

Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарында шаруалар киіктің шектен тыс көбейіп кетуіне байланысты ТЖ енгізуді сұрап отыр. Олардың сөзіне қарағанда, киік жайылымдар мен шабындықтарды отауда. Соның салдарынан қысқа мал азығын дайындау да қиынға түсуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Биыл өңірде шөптің шығымы көңіл көншітпейді. Жаңа қылтиып келе жатқан көкті сәуірдегі салқындық буып тастаған. Оның үстіне оңтүстік аудандарда азын-шоғын шыққан шөпті киік тапап кеткен. Шабындыққа шалғы салған шаруалар қысқы мал азығын қайдан дайындарын білмей дал.

Бөкей ордасы ауданы Бөрлі ауылының тұрғыны, «М.Боранбаев» шаруа қожалығының басшысы Мырзабай Боранбаевтың құм Нарынның етегіне егін салғанына биыл үшінші жыл.

Мал тұяғы тоздырып, тек изен мен жусан қалған жерді электр бақташымен қоршапты. Ішіне күздік қара бидай, арпамен қатар, түйежоңышқа, эспарцет, судан шөбін егіпті.

Оның сөзіне қарағанда, осы 140 гектардай жерден мыңдаған малға керекті жемшөпті орып алам деген ойы болған. Алайда қаптаған киік тыным берер емес. Күні-түні мотоциклмен, машинамен бағып жүргеннің өзінде жабайы жануарлар ордан орғып, сымнан секіріп, егісті отап жатыр.

«Киік мәселесі өте күрделі болып тұр. Осының алдында агрономдармен есептеп қарағанда, өнімнің әр гектарынан 15 центнерден аламыз ба деп ойлап едік. Енді киік өткеннен кейін 5 центнерден алсақ та, жақсы болар еді. Зардабы қатты болып тұр. Біреу келіп шығыныңды өтемейді. Осыған орай Үкіметтен демеуқаржы бола ма деп үміттенеміз. Бірақ ол қаншалықты шешілетін мәселе екендігі белгісіз», деді Мырзабай Боранбаев.

Қазіргі кезде облыста мал азығын дайындау жұмысы жаппай жүріп жатыр. Әйтсе де шөптің шығымы нашар.

«Қос трактормен таңнан кешке дейін шапқанда, 15 рулон ғана түсіп тұр. Өнім былтырғыдан да аз. Әйтеуір жерді тырмалап жатырмыз», дейді бөкейордалық механизатор Жасұлан Шәкіров.

Киіктен Бөкей ордасына көршілес Казталов және Жәнібек аудандарының шаруалары да жапа шегуде.

Жәнібек ауданында арнайы құрылған комиссия ауылдарды аралап, шабылған шөпті өлшеп, шығынды есептеуде.

«Үш-төрт ауылда шөп жоқ. Осыған байланысты Үкіметтен көмек сұрағымыз келеді. Атап айтқанда, өзге аудандардан тасылатын пішеннің тасымалдау шығынын өтесе», дейді Жәнібек аудандық комиссиясының мүшесі, фермер Бауыржан Сабанов.

Алайда ақбөкеннен келетін шығынды өтеу тетігі заңнамада қарастырылмаған. Шын мәнісінде шығын жүздеген млн теңгеге жетеді.

Бірқатар облыстардағыдай, әр аналық басқа 30 мың теңгеден субсидия төлейін десе, оған облыстық бюджеттің мүмкіндігі шектеулі.

Жуырда Астанаға барған облыстық мәслихат депутаттары ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевпен кездесіп, осы мәселені көтерген.

«Біздің айтқанымыз, биылғы жағдайдан, алдағы қыстан қалай шығамыз? Субсидиялауға қазіргі есеппен 10 млрд-тай теңге керек. Ондай қаражат облыста жоқ. Министрдің ұсынған жолдары – киіктен залал келген аудандарға, ауылдарға төтенше жағдай жариялау. ТЖ арқылы тез болады дейді. Дегенмен мұның бәрі – уақытта шара ғана. Шұғыл түрде киік санын шектемесе, келешекте шабындық түгілі, жайылым жер болмауы мүмкін. Ақбөкендер соңғы жылдары қала маңына дейін жетіп, астықты алқаптарға ауыз салды. Диқандар егін ексе, қып-қызыл шығынға батады, екпесе, пайдаланбаған жерді мемлекет қайтарып алады. Экология министрімен де сөйлестік. Біздің айтып отырғанымыз, бүгінгі күні млн жарым киік болса, төлімен қосқанда, 2 млн жарымға жетіп қалады. Ол келесі жылы 3 млн жарымға барады. Содан кейін 5 млн-ға барады. Сонда біз қайтеміз ? Онда шаруаны мүлде қойып, киік өсіру керек пе тек қана? Бірақ нақты жауап жоқ», деді облыстық мәслихат депутаты Нұртай Жұмашев.

Қазіргі кезде облыс басшылығы киіктен зардап шеккен шаруаларға көмектесудің жолдарын іздестіруде.