Бала шұңқырға құлады: Аққулы ауданында мектеп директоры жазаланды
Директормен бірге тағы бір мектеп қызметкері жазаға тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Аққулы ауданының білім беру бөлімі Қазы мектебінде бұрынғы дәретхана болған жердегі қоршалмаған шұңқырға алты жасар бала құлағаннан кейін қызметтік тергеу жүргізді.
– 5 мамырдан 19 маусымға дейін мектеп директоры ауруханада жатқан, – деді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Еркін Еркенов. – Директор жұмысқа шыққаннан кейін онымен сөйлестік. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін және шұңқырды уақытында жауып тастамағаны үшін мектеп директорына қатаң сөгіс берілді.
Оның айтуынша, шұңқырды жабу үшін 10 тонна топырақ төгіп, учаске қоршалған.
– Жазда шұңқырдың қандай күйде болатынын, яғни, қайтадан топырақ төгу керек пе, жоқ па екенін байқайтын боламыз, – деп түйіндеді Еркін Еркенов.
Білім беру мекемесінің директорымен бірге мектептің шаруашылық меңгерушісіне де қатаң сөгіс жарияланды.
Еске сала кетейік, мамырдың басында Аққулы ауданының Қазы мектебінде алты жасар бала бұрынғы дәретхананың шұңқырына құлап кеткен. Баланың анасы ұлының қатты қорыққанын айтқан. Дәрігерлер балаға тітіркену мен гипотермия диагнозын қойған болатын. Зардап шеккен баланың анасы полиция мен мектепке шағымданып, болған оқиғаға қатысты кінәлілерді жазаға тартуды талап еткен.
Фото: Аққулы аудынының білім беру бөлімі ұсынды