Павлодар облысында өрттен зардап шеккен жерлерге қарағай көшеті отырғызылады
Осы мақсатта аймақта қарағай көшеттерін отырғызуға арналған экологиялық акция өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында орман алқаптарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында 450 гектар жерге қарағай көшеттерін отырғызу жоспарланған.
13 қазанда резерват аумағында қарағай көшеттерін отырғызуға арналған экологиялық акция өтті. Бастама «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының атынан Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – орман алқаптарын қалпына келтіру, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту және табиғи ресурстарды сақтау. 2026 жылдың соңына дейін Павлодар облысында 2 миллион қарағай көшетін өсіріп, отырғызу көзделген. Жұмыстар өткен жылдары орман өрттерінен зардап шеккен аумақтарда жүргізіледі.
«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватыныңның бас директорының міндетін атқарушы Медет Нұрлановтың айтуынша, орман жамылғысын қалпына келтіру шаңды дауылдар мен топырақ эрозиясының қаупін азайтып, өңірдің экожүйесін сақтауға ықпал етеді.
Қазіргі уақытта орман тәлімбақтарында отырғызуға арналған көшеттер өсірілген. Күз мезгілінде топырақты дайындау және көшет отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Отырғызылғаннан кейін жас ағаштарға күтім жасалып, олардың жерсіну деңгейі тұрақты бақылауда болады.
Жоба аясында орман алқаптарын қалпына келтірумен қатар, орман өрт сөндіру станцияларын модульдік ангарлармен жабдықтау да жоспарланған. Бұл орман қорын қорғау инфрақұрылымын нығайтып, өрттің алдын алу және оны жоюға дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Осындай жұмыстар Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында да жүргізілуде. Мұнда 762 гектар жерге 3 миллион қарағай көшетін өсіріп, отырғызу жоспарланған.
Осылайша, Павлодар және Абай облыстарындағы екі экологиялық жоба аясында барлығы 5 миллион қарағай көшетін отырғызу көзделіп отыр. Бұл бастамалар орман қорын сақтауға, табиғи аумақтарды қалпына келтіруге және өңірлердің экологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Еске сала кетейік, өңірде жабық тамыр жүйесі арқылы көшет өсіретін жаңа орман тәлімбағын салу жоспарлануда. Нысан іске қосылған жағдайда жылына шамамен алты миллион дана отырғызу материалын алуға болады.