Павлодарда қоқыс полигонындағы қалдықтардың 20 пайызы қайта өңделеді

Облыс орталығында екі қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар, олардың бірінің пайда болғанына 50 жылдан асқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков мәлім етті.
– Қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны ұзақ уақытқа жетеді. Қоқысты қайта өңдеу әлі жолға қойылған жоқ, бұл мәселе қарастырылуда. Бірақ қазірдің өзінде сұрыптау жүріп жатыр, – дейді Қанат Мұсапарбеков.
Спикердің айтуынша, алдымен барлық қатты тұрмыстық қалдықтар сұрыпталады, қалғаны көміледі. Пластмасса, картон, шыны, металл, ағаш – мұның бәрі қайта өңдеуге жіберіледі.
– Оның 100 пайызы қайта өңделеді деп айта алмаймын, бірақ барлық қалдықтардың 20 пайызы қайта өңделеді, – дейді спикер.
Өңірде мамандар бесінші жыл рұқсат етілмеген полигондарды ғарыштан бақылап келеді. Биыл осындай 167 орын ашылды, оның 142-сі жойылды, қалғандары алдағы уақытта жойылады. Ол жерден шыққан қоқыс қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына түседі.