Павлодар облысында АПВ-ға қарсы вакцина алған қыздар саны артты

Павлодар облысында АПВ-ға қарсы вакцина алған қыздар саны артты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде 11-13 жастағы сегіз мыңнан астам қыз екпенің алғашқы дозасын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында адам папилломавирусына (АПВ) қарсы иммундау жұмыстары жалғасып жатыр. Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген вакцинацияға ата-аналардың қызығушылығы артып, мамандардың айтуынша, тұрғындардың бұл екпенің маңыздылығына деген түсінігі біртіндеп қалыптасып келеді.

Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің мәліметінше, 11-13 жастағы қыздар арасында АПВ-ға қарсы вакцинаның бірінші дозасын 8 094 қыз, екінші дозасын 4 883 қыз алған. Ал 14-17 жастағы жасөспірімдер арасында бірінші дозамен 613, екінші дозамен 321 қыз қамтылған.

Мамандардың айтуынша, вакцинация ұлттық күнтізбеге алғаш енгізілген кезде ата-аналар арасында белгілі бір түсінбеушілік болған. Көпшілік жаңа екпенің мақсаты мен оның қажеттілігі туралы толық ақпараттан хабарсыз еді. Осыған байланысты медицина қызметкерлері ата-аналар жиналыстарында және жеке кездесулерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейткен.

Қазір ата-аналардың түсінігі әлдеқайда жақсы. Олар балаларын вакцинациялауға келіп жатыр. Біздің қызметкерлердің өздері де қыздарын вакцинациядан өткізіп жатыр, – деді Батырбек Әлиев.

АПВ-ға қарсы вакцинацияның маңыздылығын түсіндіру кезінде халықаралық тәжірибеге де назар аударылады. Басқарма басшысы Австралияны мысалға келтірді. Бұл елде адам папилломавирусына қарсы ұлттық вакцинация бағдарламасы енгізілгеннен кейін жатыр мойны обырының алдын алуда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген.

Мамандардың айтуынша, адам папилломавирусының кейбір түрлері жатыр мойны обырының негізгі себептерінің бірі саналады. Сондықтан вакцинацияны ерте жаста жүргізу инфекцияның алдын алудың маңызды тәсілдерінің бірі болып отыр.

Павлодар облысында АПВ-ға қарсы иммундау жұмыстары әрі қарай да жалғасып, ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілмек.

Еске сала кетейік, тұмау маусымына орай өңірге қыркүйек айының ортасына дейін 80 мың доза вакцина жеткізіледі деп жоспарлануда. Өңірде 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 инфекция бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады.