Екібастұзда перзентхана жаңа орынға көшуі мүмкін

Екібастұзда перзентхана жаңа орынға көшуі мүмкін
Фото: Мақсат Көлтай

Бұл ана мен жаңа туған нәрестелердің қолайлылығы үшін жасалмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Асайын Байханов Екібастұзға барған іссапары кезінде қалалық аурухана мен перзентхананы аралап шығып, аурухана әкімшілігіне тұрғындардан перзентханға қатысты шағымдар көптеп түсетінін жеткізді. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары қаланған медициналық мекеменің бес корпусы бар: терапевтік, екі инфекциялық, жедел жәрдем станциясы, әкімшілік және перзентхана.

Биыл перзентхана ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстармен «Мұнайқұрылыс» көпсалалы құрылыс фирмасы айналысады. Нысанда 35 адам жұмыс істеп жатыр. Перзентханада радиаторлар, коммуникациялар, терезелер ауыстырылады. Жөндеу жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Нысанды 16 тамызда тапсыру жоспарлануда.

Екібастұз қалалық ауруханасының басшылығы перзентхананы терапия корпусына ауыстыруды ұсынды. Себебі, перзентхана орталық ауруханадан алыс орналасқан. Бұл шешім ана мен сәбилер үшін қолайлы болмақ. Олар далаға шықпай-ақ тиісті сараптама тапсырып, дәрігердің қарауына жеңіл жете алады. Ал жөнделген ғимаратта медициналық колледж студенттеріне жатақхана ашу көзделіп отыр. 

Асайын Байханов аталмыш жоспарларға жобалық-сметалық құжаттама дайындап, оның әзірлеуін және жүзеге асыру уақытын тым ұзаққа қалдырмауды тапсырды.