Павлодар облысында мыңдаған жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды

Павлодар облысында мыңдаған жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Жол қозғалысы ережелерін көбіне айналасына назар аудармай, гаджеттеріне үңіліп, капюшон киіп жүретін жасөспірімдер елемейді. Сондай-ақ егде жастағы тұрғындар да жаяу жүргіншілер өткелін пайдаланбай, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтіп, ережелерді жиі бұзады. Бүгінгі таңда облыс бойынша жолдың жүру бөлігін белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 8 780 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Мәселен, Павлодар қаласындағы Қамзин көшесінде облыс орталығының тұрғыны жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен.

Жүргізушілер арасында да ереже бұзғандар бар.

– Жыл басынан бері жаяу жүргіншілерге жол бермеген 2 743 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Ворушин және Академик Шөкин көшелерінің қиылысында «Daewoo Nexia» автокөлігінің жүргізушісі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелімен өтіп бара жатқан адамға жол бермеген. Құқық бұзушыларға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды, – делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлері облыс тұрғындарын жолда мұқият әрі сақ болуға және жол қозғалысы ережелері барлығына ортақ екенін ұмытпауға шақырады.